Алматыда Қазақстандағы жеке ортездерді жобалау және жасауға арналған алғашқы мемлекеттік зертхана ашылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының базасында құрылған зертхана балалар мен ересектерге жеке оңалту құралдарын дайындайды.
Жаңа зертханада ортез әзірлеудің толық циклі жолға қойылған. Ол пациентті тексеру мен 3D-сканерлеуден басталып, цифрлық модельдеу, бұйымды өндіру, киіп көру және жеке өлшемдерге сәйкестендіру кезеңдерін қамтиды.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды ерте ортездеу. Медициналық көрсетілімдері бар балаларға жеке ортездер тегін дайындалады.
Зертхананың ашылуына қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жаңа нысанның маңызын атап өтті.
«Біз үшін заманауи технологиялардың адамға тікелей көмектескені маңызды. Сондықтан зертхана ортез жасайтын орын ғана емес, жаңа шешімдер әзірленіп, олардың тиімділігі зерттелетін ғылыми-практикалық алаңға да айналады», – деді министр.
Зертханада табанға, тобық және тізе буындарына, сондай-ақ жоғарғы және төменгі аяқ-қолдарға арналған жеке ортездер дайындалады. Цифрлық технологиялар әр адамның анатомиялық ерекшеліктерін ескеріп, бұйымды жеке қажеттілікке сай жасауға мүмкіндік береді.
Жоба аясында ортез өндірісінің көлемін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған. 2026 жылы 500, 2027 жылы 1 000, ал 2028 жылы 1 500 бұйым дайындау көзделіп отыр.
Зертхана тек өндірістік жұмыстармен шектелмей, ортездеу нәтижелерін ғылыми тұрғыдан бағалаумен және жаңа технологияларды жетілдірумен де айналысады.
Жаңа орталықтың ашылуы отбасылар үшін де маңызды. Тоғыз жасар Софияның анасы Ирина Богиня зертхананың жұмысына оң бағасын берді.
«Мүгедектігі бар балаларға көңіл бөліп, отбасыларға қолдау көрсетіп отырғаны үшін Министрлік пен Үкіметке алғыс айтқым келеді. Мұндай бастамалардың артында балалар мен ата-аналардың тағдыры тұр. Сондықтан бұл біз үшін өте маңызды», – деді ол.
Ал 11 жасар Аланның анасы Анастасия Балтабекова жеке ортездерді мемлекет есебінен алу мүмкіндігі отбасыларға үлкен қолдау екенін атап өтті.
«Мұнда заманауи технологияларды қолдана отырып, қажетті ортезді мемлекет есебінен алуға болады. Бұл – баламызға қажетті көмек көрсетуге және оның дамуына қарай тағы бір қадам жасауға берілген нақты мүмкіндік», – деді ол.