Алматыда 2026 жылы жаңа метро станциясы пайдалануға беріледі

10 Шілде 2024, 21:22
474
Бөлісу:
Алматыда 2026 жылы жаңа метро станциясы пайдалануға беріледі
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым және Сергей Пономарев Алматы қаласындағы «Қалқаман» метро стансасының құрылысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарлауынша, нысан Абай даңғылы бойында Әшімов пен Айбергенов көшелерінің арасында салынып жатыр.

Наурызбай ауданындағы «Қалқаман» метро стансасы 2026 жылы пайдалануға берілуі керек. Құрылыс барысында сол жақ туннельде 936 метр, оң жақ туннельде 559 метр қазылған. Газбен жабдықтау, электр жүйесі, телекоммуникациялар мен су құбырының сыртқы желілерін көшіру жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.

Алматыда 2026 жылы жаңа метро станциясы пайдалануға беріледі

Депутаттар жұмысшылармен сөйлесіп, құрылыс жұмыстарының кестесімен танысты.

Жалпы метро құрылысшыларының сауатты және сапалы жұмысын атап өткім келеді. Сонымен қатар «Қалқаман» стансасына дейінгі желі құрылысы 2,5 жылдан бері жүріп жатыр, ал мегаполис кептелістен көз ашпай отыр. Жұмыс ұзаққа созылып барады, құрылыс үшін жер учаскелерін, жеке үйлерді сатып алу қажет, ал иелері сатқысы келмейді, өтемақы сомасына келіспейді. Адамдар соттасып жатыр, тіпті, кей істер Жоғарғы сотқа дейін жеткен жағдайлар бар. Осы уақыт ішінде жобаның қымбаттауы, қайта бағалау, мемлекеттік сараптама қажет болады. Өз тарапынан, депутаттар заңнамалық деңгейде қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне көмектеседі, – деді мәжіліс депутаты Сергей Пономарев.

Алматыда 2026 жылы жаңа метро станциясы пайдалануға беріледі

Айта кету керек, бұл жоба «AMANAT» партиясының Алматы қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасының «Ыңғайлы көлік жүйесі» бөліміне енгізілген, ол 4 стансаның құрылысын қамтитын метро желісін 7,2 шақырымға ұзартуды көздейді. Бұл жолаушылар ағынын тәулігіне 100 мың адамға дейін арттыруға және қазіргі трафиктегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. 2030 жылға дейін «Барлық» базарына дейін тағы үш станса салу жоспарлануда, онда Батыс автовокзалын қамтитын ірі мультимодальды көліктік-ауысымдық торап құрылады.

Алматыда 2026 жылы жаңа метро станциясы пайдалануға беріледі

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары қаладағы ЖЭО-2-ні жаңғырту жұмыстарымен танысып, газ отынына көшу 2026 жылы аяқталуы тиіс екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ халық қалаулылары бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесіп, азаматтарды қабылдап, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.

Өзгелердің жаңалығы