Алматыға қалың қар жауды. Түнгі сағат екілер шамасында басталған ақ ұлпаның қалыңдығы 20 сантимерге жеткен, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Көктайғақтың алдын алу мақсатында көшелерде 146 құм таратқыш және 1143 жол жұмысшысы еңбек еткен. Қар тазарту жұмыстарына 421-ден астам техника жұмылдырылды.
Сағат түнгі 02:30-дан бастап жол полициясының патрульдік машиналарының еріп жүруімен 13 колонна қар күреумен айналысты. Таңғы сағат 05.00-ден бастап 168 бірлік шағын көлемді жинау техникасының күшімен тротуарлар қардан тазартылуда, бұл жұмыс қазіргі уақытқа дейін жалғасуда. Аялдамаларды, жерүсті өткелдерінің тұрақ «қалталарын», әлеуметтік маңызы бар нысандарға өтетін жолдарды тазарту жұмыстары күшейтілді. Қалалық трафикке жүктемені азайту мақсатында сағат 07.00-ден бастап техникаға жанармай құю және құм таратқыштарды көктайғаққа қарсы материалмен толтыру жүзеге асырылады. Сағат 10.30-дан бастап жолдардың жүріс бөліктерін қардан тазартудың жаңа циклі және жиналған қарды сыртқы полигондарға шығару басталады, – дейді Алматы қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі.
Біздің байқауымызша, жол жиегіндегі көліктер қар тазалау жұмыстарына кедергі келтіруде. Сол себептен болар, қалада көлік кептелісі пайда болып, адамдардың жұмысқа кешігіп жеткенін байқауға болады.