Алматыда 16 мың нысанды қамтитын сейсмикалық аудит жүргізіледі

23 Маусым 2023, 00:48
855
Бөлісу:
Алматыда 16 мың нысанды қамтитын сейсмикалық аудит жүргізіледі
Фото: baq.kz

Алматы агломерациясының сейсмикалық картасына сәйкес, шаһар зілзала бойынша 9-10 балдық белдеуде орналасқан. Қалада барлығы 27 тектоникалық жарық бар. Сарапшылардың айтуынша, энергетикалық класы жоғары жер сілкінісі болса, тектоникалық сызаттар шөгіп, қала жердің астына кетіп қалуы мүмкін.

Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жайында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді деп хабарлайды BAQ.KZ.

2017-2018 жылдары жүргізілген сейсмоаудиттің қорытындысы бойынша Алматы қаласын 27 тектоникалық жарық кесіп өтетіні анықталды. Бүгінде оларда 1 116 объект, оның ішінде 754 сейсмикалық төзімді ғимарат және 362 сейсмикалық емес нысан орналасқан", – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ерболат Досаев.

Еске сала кетсек, 1983 жылғы сейсмикалық аудандарға бөлу картасы бойынша Алматы 5 тектоникалық жарық анықталған.

"Мемлекет басшысы қала объектілеріне сейсмикалық аудит жүргізуді қолдады. Ол "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" акционерлік қоғамымен және Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмология институтымен бірлесіп өткізілетін болады. Жұмысты осы жылдың шілде айында бастап, 2024 жылы аяқтаймыз. 2000 жылдан кейін салынған 16 701 нысан тексерілетін болады, оның ішінде 1 641 көп қабатты тұрғын үй кешенін, 15 060 қоғамдық нысан бар", – деген шаһар басшысы нысандарды зілзалаға төзімді етіп, күшейту мәселесіне тоқталды.

Оның сөзінше, 2023 жылы 20 млрд теңгеге 16 әлеуметтік нысан сейсмикалық күшейтуден өтеді және 34 ныснады сейсмикалық күшейтуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді.

Жаңа сейсмикалық аудит Алматы қаласы нысандарының паспорттарын соңғы 5 жылдағы дамуын ескере отырып, жаңартуға мүмкіндік береді.

Айта кететіні, Түркиядағы алапат зілзаладан кейін, Алматыда сейсмикалық аудит жүргізілетіні хабарланған. Себебі мегаполис сейсмикалық тұрақсыз аумақта орналасқан. Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Алматыда 9 және одан да жоғары балдық жер сілкінісі болса, тұрғын үйлердің 30%-ына дейін қирап қалуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Өзгелердің жаңалығы