Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері 116 от жағудың жолы кесілді, 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 416 мың 700 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Руслан Қасыбаев онлайн брифингте айтты.
Оның айтуынша, күн жылынғалы Алматыда қураған құрғақ шөптің өртену оқиғалары жиілеген. Биылғы наурыз айынан бері жалпы аумағы 6,7 гектарды қамтыған 65 өрт оқиғасы болған. Өткен тәуліктің өзінде Алматы өрт сөндірушілері 19 шақырту бойынша шыққан, оның сегізінде өрт қураған шөптің тұтануынан болыпты.
Өрт оқиғалары көбінесе Алатау, Бостандық, Медеу, Түрксіб аудандарында болады. Өрт шығу оқиғаларының себептері азаматтардың отқа немқұрайлы қарауынан, сонымен бірге өткен жылдың күзінен қалған құрғақ өсімдіктердің шабылмауы салдарынан болып отыр, - дейді ол.
Сонымен қатар ол осы көктемде және жазда таулы-орманды жерлерде ТЖД, Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі қызметкерлерімен, сондай-ақ волонтерлік ұйымдардың қатысуымен бірлескен патрульдеу өткізу жоспарланғанын айтты. Мұндай тәжірибе өткен 2020 жылы да қолданылған.
Осындай патрульдеудің арқасында 116 от жағудың жолы кесілді, 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 416 мың 700 теңге айыппұл салынды. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жалпы ауданы 122 гектар болатын құрғақ өсімдіктерді шабу бойынша жұмыстар жүргізілуі қажет учаскелер анықталды, - деді Қасыбаев.
Қалада табиғи өртті сөндіруге жедел ден қою мақсатында ТЖД мен қаланың азаматтық қорғау қызметтерінде 200-ден астам адамнан тұратын шұғыл іс-қимыл жасағы құрылған. Олар өтімділігі жоғары техникамен, аспалы өрт сөндіргіштермен, сақпандармен және күректермен жабдықталыпты.
Сонымен қатар ол қала жұртшылығын табиғатқа шыққанда өрт қауіпсіздігін сақтауды ескертті.
Өрт қауіпсіздігін бұзған немесе орындамағаны үшін ескерту немесе әкімшілік айыппұл түрінде жеке тұлғаларға - 3 АЕК, лауазымды тұлғаларға – 20 АЕК, ШОБ субъектілеріне 70 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын естеріңізге саламыз, - деді ол.