Алматы әкімдігі Баум тоғайында ағаштар кесіледі деген ақпаратты жоққа шығарды және абаттандыру жұмыстары кезінде бірде-бір ағаш кесілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы әкімі кеңесшісі Ильзат Ақчуриннің айтуынша, Баум тоғайын абаттандыру аясында ағаш кесу қарастырылмаған.
“Баум тоғайында 104 429 ағаш және 5081 бұта бар. Олардың барлығы мемлекеттік орман қорының құрамына кіреді және ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып саналады. Денсаулығы жақсы ағаштар – 55%, әлсірегендері – 23%, тұншыққан – 12%, қурай бастаған – 8%, ал толық қураған және апатты жағдайдағы ағаштар – 1%-дан. Яғни, апатты жағдайдағы ағаштардың жалпы үлесі шамамен 9% ғана. Бұл БАҚ-та тараған “48% ағаш кесіледі” деген мәліметтің шындыққа жанаспайтынын дәлелдейді.
Сонымен қатар, 2026 жылы табиғи шығынның орнын толтыру және тоғайдың жасыл қорын нығайту мақсатында мыңнан астам жаңа ағаш отырғызу бағдарламасы жүзеге асырылады”, – деді ол.
Әкімдік өкілдері барлық қабылданған шаралар ағаштардың “денсаулығын, табиғи пішінін және өмір сүру ұзақтығын сақтау мақсатында жүргізіліп жатқанын” атап өтті.
Тоғайдағы жұмыстар табиғи ортаға барынша аз әсер ету қағидаты бойынша атқарылады. Абаттандыру кезінде цемент-бетон материалдарын қолданбай, экологиялық таза жабдықтар пайдаланылады. Сондай-ақ экологиялық жаяу жүргіншілер жолдары, энергия үнемдейтін жарықтандыру орнатылады, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция пункттері мен бейнебақылау жүйелері қарастырылған, – деді әкімдік өкілі.
Әкімдік мәліметінше, тоғайды қалпына келтіру жұмыстары да жалғасуда. 2023 жылы еріктілер 1430 көшет (Сиверс алмасы мен жапырақты ағаш түрлері) отырғызған. 2024 жылы – 720 емен, шырша және өрік көшеті егілді. Бұл жұмыстар еріктілер мен демеушілер есебінен, бюджет қаражатынсыз жүргізілуде.
Еске салайық, бұған дейінАлматыда Баум тоғайында 10 мыңнан астам ағашты санитарлық кесу жоспарланып отырғаны хабарланған едік. Жоба Ұлттық экологиялық деректер банкі сайтында жарияланды.