Алматы жылу желілерінің бас директоры мен басқа да басшылары жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің баспасөз қызметі Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотының үкімімен пара алғаны үшін сотталды:
– «Алматы жылу желілері» ЖШС (бұдан әрі - АЖЖ) бас директоры К. Бейсенбиновке 560 млн теңге сомасындағы айыппұлға;
– АЖЖ бас инженері Д. Қазымбетов 560 млн теңге сомасындағы айыппұлға;
– АЖЖ Күрделі құрылыс басқармасының бастығы С. Джингильбаев 560 млн теңге көлеміндегі айыппұлға;
Пара бергені үшін «СпецКоммунСтрой» ЖШС директоры Б.Разимбеков 400 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындаумен сотталды.
Аталған адамдар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы сомасы 2 млрд 80 млн теңгені құрады. Бұл 350 орындық мектеп немесе 320 орындық балабақша құрылысының бюджетіне тең.
АЖЖ лауазымды тұлғалары Алматы қаласында жылу желілерін қайта құру туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және ақша қаражатын аударғаны үшін Б. Разимбековтен 16 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктенді. ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады (сот үкімі заңды күшіне енген жоқ), - делінген ведомство хабарламасында.