Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімдігінің мәліметінше, түнгі сағат 03.00-де бастаған жаңбырдың арты қарға айналып, көктайғақ болған.
Таңертең тайғаққа қарсы 3073 тонна материал пайдаланылды. Сағат 05.00-ден бастап қар тазалайтын көліктерден колонналар ұйымдастырылды. Олардың кедергісіз жүруі үшін жол полициясының патрульдік машиналары көмекке келді, - делінген хабарламада.
Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, көлік тұрақтарын тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Қардың шамадан тыс көп түсуінен бірнеше ағаш құлаған. Орын алған 9 жағдайдың екеуінде ағаштар бұтағы көліктің үстіне құлаған. Зардап шеккендер жоқ.
Қар тазалау жұмыстарына 597 бірлік техника мен 1668 жол жұмысшылары жұмылдырылған.
Қаланың жоғарғы бөлігінде қар 15 см-ге дейін, таулы аудандарда 25 см-ге дейін түсті.