Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов басшылық еткен комиссия Алматы және Қапшағай гарнизондарына жұмыс бабымен барды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қорғаныс ведомствосының комиссиясы құрамында – Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Талғат Қойбақов, Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік, Инженерлік әскерлер, Стратегиялық жоспарлау, Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменттерінің, Әскери инфрақұрылым, Әскери полиция, Оқ-дәрілер бас басқармаларының өкілдері де бар.
Қорғаныс ведомствосы ел басшылығының Қарулы Күштерді реформалау жөніндегі бірінші кезектегі міндеттерін іске асыру жөнінде шаралар қабылдауда. Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен кеңесте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын орындау аясындағы жұмыс сапары барысында әскерлердің жауынгерлік әзірлігіне, техникалық және жауынгерлік жарақтандырылуына басты назар аударылды.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінде бөлім командирлері бригадалардың жауынгерлік мүмкіндіктері, мақсаты бойынша тапсырмаларды орындау тәртібі, сондай-ақ дағдарысты жағдайлар туындаған кезде бөлімшелерді қолдану мәселелері жөнінде баяндады.
Әскерлерді заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтауға, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды. Әскерлердің жауынгерлік қабілетін күшейту осы міндеттерді шешуге тікелей байланысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы қоймаларда оқ-дәрілерді сақтау шарттарын тексерді. Командирлер әскери объектілер мен жақын маңдағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының орындалу барысын баяндады.
Мемлекет басшысы оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз және одан әрі сақтауға қауіптілерін кәдеге жарату жөніндегі шараларды іске асыруды жалғастыру қажеттігіне назар аударды. Қорғаныс ведомствосы іске асырып жатқан «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының басты мақсаты – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Құрлық әскерлерінің әскери институтында генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов оқу-тәрбие үрдісінің ұйымдастырылуымен, курсанттардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Қарулы Күштердің ардагерлерімен кездесті. Еңбек демалысында болса да олар армияның тыныс-тіршілігіне белсенді түрде қызығушылық танытып, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге және олардың әскери қызметке деген ынтасын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
Бұдан өзге, Қорғаныс министрі әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет басшылығымен әңгімелесіп, шешуді қажет ететін өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылады.