Цифрландыру басқармасы Алматыны Орталық Азиядағы киберспорт индустриясының көшбасшысы және орталығына айналдырмақ, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Басқарманың алға қойған басты міндеттерінің бірі – Алматы киберспорт нарығына шетелдік инвесторларды әкелу. Нақтырақ айтсақ, Алматыда ойын индустриясына 10-ға жуық халықаралық технологиялық компания тарту.
Алдағы үш жылда Алматы қаласын киберспорттың орталық алаңына айналдырамыз. Жоба аясында 15 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар киберспортқа қызығушыларға арнайы техникалық оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беріледі. iPlay Esports ұйымдастыруымен осыған дейін де жоғары деңгейдегі турнирлер өткізген болатынбыз. Алдағы уақытта қазақстандық командаларды шетелдік аренаға шығаруды көздеп отырмыз. Almaty Cyber Games – цифрлық инфраструктура мен білім саласын дамытуды көздейтін жоба әрі заманауи IT-алыптары мен технологиялық компанияларды құру болып табылады, – дейді Алматы цифрландыру басқармасының бас маманы Ерасыл Жеңісов.
ACG International киберспорт бойынша халықаралық турнир SАDU Агепа алаңында өтеді. Онда Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген Орталық Азияның ең мықты кибератлеттері CS:GO, Dota 2 және FIFA 23 түрі бойынша турнирдің жүлде қоры үшін сайысады. Жүлде қоры – 6 млн теңге. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігі Цифрландыру басқармасының қолдауымен өткізілмек.