Алматы тұрғындарының 81,5%-ы медициналық тұрғыда сақтандырылған

18 Ақпан 2021, 12:03
1604
Бөлісу:
Алматы тұрғындарының 81,5%-ы медициналық тұрғыда сақтандырылған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев онлайн брифингте айтты.

Ұлттық экономика министрлігінің 1 ақпандағы мәліметінше, Алматыдағы 1,9 млн тұрғынның 81,5%-ы сақтандырылған. Қалған 18,5%-ы немесе 389 356 адам бүгінгі таңда сақтандырылмаған, - дейді ол. 

Әбілдаев жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарған жұмыстар оң нәтижесін беріп келе жатқанын жеткізді. Мәселен өткен жылдың 1 тамызында Алматыда сақтандырылмағандардың үлесі 22,6% болса, жыл соңында 15%-ға дейін қысқарған. Алайда бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 18,5%-ға өскен. 

Құрылымдық жағынан алып қарайтын болсақ, сақтандырылмаған 389 мың адамның 142 909-ы бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші, 100 818-і жұмыскер. Кейбір себеппен олардың атына жаңа жарна аудару тоқтап қалған. 15 452-і жеке кәсіпкер, 7 635 адам азаматтық құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істеуші. 2 682 адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуші, - деді ол. 

Сонымен қатар ол жарна аударым көлемі МӘМС туралы заңда көрсетілген тәртіп бойынша өзгеріп отыратынын жеткізді.

Заң бойынша жұмыс берушілер әрбір қызметкер үшін өз қалтасынан аударым жасайды. Жұмыс беруші төлейтін аударым мөлшері биыл өзгерген жоқ,  қызметкер табысының 2% көлемін аударады. Ол 2017 жылдың 1 шілдесінен – 1%, 2018 жылы – 1,5%, 2020 жылы – 2% деңгейінде болды, - деді Әбілдаев.  

Сондай-ақ ол жұмыс беруші аударымға қоса, жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап Қорға аударатынын айтты. Бірақ ай сайын жарна ұсталатын табыс көлемі 10 ең төменгі жалақыдан аспауы тиіс. Яғни ай сайынғы жарна мөлшері 8500 теңгеден жоғары болмауы керек.

Жеке кәсіпкерлердің жарнасы өзгерген жоқ. Олар бұрынғыша 1,4 ең төменгі жалақының 5%, яғни 2975 теңге төлейді. Оған қоса бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Олар бұрынғыша ең төменгі жалақының 5 пайызын, яғни 2125 теңге төлейді. Себебі биыл ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ. Бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна аударады. Биыл АЕК мөлшері өзгерді. Сондықтан бұл санат 2917 теңге төлейді. Қаржының 40%  - Медициналық сақтандыру қорына, 30%  – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20%  – Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылады, 10% – табыс салығы ретінде ұсталады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы