Алматы тұрғындары жасыл желектің жойылуына наразы

21 Сәуір 2023, 17:33
1374
Бөлісу:
Алматы тұрғындары жасыл желектің жойылуына наразы
Фото: Facebook. «Алматының экологиялық қауымдастығы»

Қала тұрғындары Ганди саябағындағы ағаштардың, жасыл желектің жойылуына қарсылығын білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ. тілшісі. 


Саябақтың ағаштары 2022 жылғы күз аяғына дейін жайқалып өскен. Тіпті, бұған келтірілетін дәлелдер де баршылық. Қурамай тік тұрған ағаштардың өсіп тұрған суреттері әлеуметтік желілерде жарияланған. Тұрғындар мен экобелсенділердің пікірінше, аудан әкімдігі биыл аталған бақтағы ағаштарды кесерде халықпен кеңеспеген. Тұрғындардың сөзінше гүлзардағы жасыл желектің жоюулы заңсыз әрекет болған. 

Алматы тұрғындары жасыл желектің жойылуына наразы

Экскаватордың көмегімен ағаштарды қопарып тастады. Саябаққа көптеген жылдар бойы көрік берген жасыл желек жойылды. Халықта «жасыл желек – жанға сая» деген сөз бар. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлық көзқарас таныту адамзаттың басты борыштарының бірі саналады. Дегенмен, сау бұталарды жаппай шауып тастағаны жүрегімізді ауыртты. Ағаштар құстарға да ұя болған еді, – дейді Сандуғаш Серікова есімді экобелсенді. 

Алматы тұрғындары жасыл желектің жойылуына наразы

Аталмыш жағдайға Алмалы ауданының әкімдігі жауап берді. Аудан әкімшілігінің хабарлауынша, саябақта тек қурап, зақымданған ағаштар кесілген. Сол себептен көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. 

Қазіргі уақытта Ганди атындағы саябақта ағымдағы жөндеу жұмыстары іске асырылып жатыр. Алмалы ауданы әкімдігі саябаққа көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жұмыстарын қолға алды. Осы мақсатта арнайы байқау өткізілді және «Фирма ЛЭУ» ЖШС-сы жеңімпаз атанды. Кей бұталар жартылай қурағандықтан халыққа зиян тигізбеу үшін қопарылды. Саябақты көгалдандыру кезінде ландшафт дизайны қарастырылған. Жоба 50 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Саябақтың барлық аумағын шамамен 5 га жерді құрайды. Бұл аймақтарға беде, бұталар мен гүлдердің 8 мың түрін отырғызу қарастырылады, – делінген Алмалы ауданыны әкімдігінің жауабында. 

Алматы тұрғындары жасыл желектің жойылуына наразы

Дегенмен, тұрғындар әкімдіктің бұл жауабына қанағаттанбады. Олар саябақты қайта жөндеуден өткізудің орнына балалар алаңын қайта қалпына келтіріп, жаяу жүргіншілер жолын жөндеуді талап етеді.

Бұл саябақты жөндеуге қайта-қайта қаржы бөле берудің қажеті қанша? Соңғы 10 жылда 3 рет жөндеуден өтті. Оған кеткен ақшаны айтсаңызшы. Оның орнына әлеуметтік маңызы бар нысан не балалар алаңын салса екен. Не болмаса жаңа жұмыс орындары құрылса жақсы болар. Саябаққа шетелден әкелінген ағаштарды отырғызбай жергілікті қарағаш пен теректі неге отырғызбайды? Көгалдандыру жұмыстарын жүргіземіз деп жер қопарылып, аман қалған ағаштардың түбіне зиян келтірілді, – деп шағымын білдірді Жанболат Амангелді есімді қала тұрғыны. 

Өзгелердің жаңалығы