Алматыда Қазақ мемлекеттік циркі жазғы демалыстың басталуына орай «EXCENTRIKO» атты қайырымдылық қойылымын көрсетті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ойын-сауық бағдарламасын тамашалауға мүмкіндігі шектеулі балалар мен көпбалалы отбасылар шақыртылды. Қойылымда акробаттар мен гимнастар өнер көрсетті.
Бұл қойылымымыз 1-18 маусым аралығына жоспарланған. Осы аралықта қала тұрғындарымен, қонақтарын циркке шақырамыз. Бұл – бекзат өнер, мәдениеттің қиын жанры. Осынау салада талмай еңбек етіп келе жатқан жандарға басымызды иеміз. Бұл қойылымды әзірлеуде барлық ұжым мүшелері болып бірге іздендік. Балдырғандарға қуаныш, көңіл күй сыйлауда қолымыздан келгенін істедік. Енді осынау дүниелерімізді көріп, келіп, тамашалауға шақырамыз. Балдырғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлауды жалғастыра бермекпіз, – деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.
Қойылым барысында жан-жануарлар да өз өнерін ортаға салды. Ертегі кейіпкерлерімен бірге аю да шығып, балдырғандарды таңқалдырды. Екі жылқы айналып жүгіріп, би де биледі. Қоңыр аюлар сахнада доп ойнап, сақина айналдырды, ең қызығы олар велосипедті, тіпті, көлікті керемет жүргізеді. Қорбаңдаған сүйкімді әртістер көрермендердің қошеметіне бөленді. Циркке ата-анасымен келген балалар шат-шадыман болып, көтеріңкі көңіл күйде керемет әсер алды.
Циркке анаммен бірге келдім. Маған әртістер мен жан-жануарлардың өнері қатты ұнады. Әсіресе, әуе акробаттарының трюктарына қызықтым. Олар арқанмен жоғары қарай көтерілгенде құлап кететін секілді, сондай қорқынышты. Бірақ олар өздерін еркін ұстайды. Цирк артистері батыр екен, – дейді көрермен Мансұр Амангелді.
Циркке ата-анасымен келген балалар шат-шадыман болып, керемет әсер алды.