Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында заңсыз қару-жарақ сатумен айналысқан топты ұстады. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Жасырын тергеу барысында 8 "Калашников" автоматы, 2 тапанша заңнамада белгіленген тәртіппен тәркіленді.
«2019 жылдың 18-19 шілде күндері Алматы және Шымкент қалаларында қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді. Олардың кейбіреулері деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар және "ұрылар қауымдастығының" өкілдерімен байланысы бар», - делінген хабарламада.
Тінту шаралары кезінде топтың бір мүшесінің тұрғылықты мекенжайынан қаруды қолдан құрастыруға және жасауға болатын арнайы станок табылған.
Арнайы операция барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті елімізге қару сатумен айналысқан ірі желінің көзін жойды. Ұсталған адамдар бұрын сатқан қаруды заңсыз айналымнан шығару шаралары жүргізіліп жатыр.