Б.Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен 25 адам жүгінген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
31 қаңтарда сағат 10:47-де Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңында "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" республикалық маңызы бар автожолының 567-шақырымында ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) 26 автокөліктің (4 жолаушылар автобусы, 4 жүк көлігі және жеңіл көліктер) қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды, - делінген хабарламада.
ЖКО салдарынан қаза тапқандар жоқ. Б. Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен 25 адам жүгінді.
Тараз қаласынан 593-тен 534 шақырымға дейінгі бағыттағы автожол екі жағынан да жабық.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасауда, оқиғаның мән-жайлары анықталып жатыр.
Жамбыл облысының Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін әсіресе ауа райы қолайсыз болған жағдайда қатаң сақтау қажеттігін еске салады.