Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Исхар Савазов қыс маусымындағы қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауа температурасының төмендеуінен су қоймаларында мұз пайда болады, бірақ ол адам салмағын көтере алмайды. Жыл сайын жұқа мұз адамдардың өліміне себеп болып жатады.
Спикер қыс мезгілінде су айдындарында адамдардың қаза болуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудандық төтенше жағдайлар басқармаларымен, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тыйым салатын «Абайлаңыз, жұқа мұз!» «Балық аулауға тыйым салынады!» 22 белгі орнатқанын атап өтті. Сонымен қатар, өткен күзгі-қысқы кезеңде 120 рейд жүргізіліп, 1500-ге жуық жадынама таратылды.
Балық аулайтын дүкендер мен балық аулау құралдары сатылатын орындарда 300-ден астам жадынамалар таратылды. Күн сайын халық көп жиналатын білім беру, денсаулық сақтау нысандарында (СОСО, сауда үйлері, халыққа қызмет көрсету орталығы, вокзал, әуежай, метрополитен), сондай-ақ Алматы қаласының жол бойында орнатылған барлық смарт тақталар мен LED-экрандарда«Абайлаңыз, жұқа мұз!» тақырыбында бейнероликтер көрсетіледі, - деді И.Савазов.
Сондай-ақ, И.Савазов күн сайын мемлекеттік және орыс тілдерінде күніне 2 рет «Радио Сити» және «Народное Радио» арналарында тақырыптық аудиожазба таратылғанын, «Алматы» телеарнасында бейнероликтер көрсетілгенін айтты. Қалалық Білам басқармасымен бірлесе отырып, қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ үсік шалғанда алғашқы медициналық көмек көрсетуге машықтандыруға бағытталған интерактивті сабақтар өткізілді.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар бойынша департаменті қыс маусымында қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске сақтауға кеңес береді:
- Мұзға қараңғы кезде және нашар көрінетін кезде шықпаңыз;
- су айдындарының қоршалмаған және қорғалмаған жерлерінен өтуге немесе көлікпен жүруге тыйым салынады;
- балық аулау үшін немесе басқа мақсатта мұзды тесуге, оюға тыйым салынады;
- мұз үстіне жалғыз шықпаңыз;
- мұздың қаттылығын аяқпен тексермеңіз;
- абай болыңыздар, қар астында жылым, жарықтар немесе тесіктер болуы мүмкін;
- егер астыңызда мұз жарылып, жарықтар пайда болса, қорқып, қауіптен қашудың қажеті жоқ, мұздың үстіне баяу жатып, қауіпсіз жерге домалау керек;
- егер жылымға түссеңіз, үрейге бой алдырмаңыз, мұз үстіне қолдарыңызды кеңінен ашқан күйі жылжыңыз;
- құтқару кезінде жылдам әрі шешімді түрде, бірақ барынша байқап әрекет етіңіз. Құтқару затын 3-4 метрлік ара қашықтықтан беріңіз.