Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматы қонақ үйлері “Қайрат” – “Реал” матчы алдында 95%-ға толды

Нұрқанат Атажан
30 Қыркүйек 2025, 12:51
403
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Алматы қонақ үйлерінің жүктемесі “Қайрат” – “Реал” матчы өтетін кезеңде 95%-ға жетті. Қалаға ойынға он мыңға жуық жанкүйер келген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматы туризм басқармасының мәліметінше, e-Qonaq жүйесі бойынша 26–29 қыркүйек аралығында Алматы қонақүйлерінде 5 мыңнан астам шетелдік турист орналасты. Қалаға келгендердің жалпы саны он мыңдаған адамға бағалануда.

Қаладағы қонақүй нөмірлерінің жалпы қоры 12,5 мыңды құрайды, олар бір мезетте 22,8 мың адамды орналастыра алады. Матч кезеңінде қонақүйлердің жүктемесі шамамен 95% болды.

Жанкүйерлердің бір бөлігі дәстүрлі түрде баламалы орналастыру түрлерін таңдаған, олар хостелдер, апартаменттер мен жалдамалы тұрғын үйлер. Бұл да қала қонақтарының жайлы орналасуына ықпал етеді, – деді басқармада.

Алматыға келген туристердің басым бөлігі Испаниядан емес, Қытай, Үндістан, Ресей және Қазақстанның өзге өңірлерінен болды. Одан кейін Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия және ТМД елдерінен қонақтар келген.

Басқарма өкілдері матч өткізудің экономикалық әсерін аса үлкен емес деп бағалады. Алматыдағы шетелдік туристің орташа чегі шамамен $1,5 мыңды (Mastercard деректері бойынша) құрайды. Осы есеп бойынша туристер қала экономикасына шамамен $7,5 млн немесе 4 млрд теңге кіріс әкеледі. Жалпы қонақтардың шығыстары – қонақ үй, тамақтану, көлік, ойын-сауық және сауда – шағын және орта бизнестің дамуына тікелей ықпал етеді.

Өзгелердің жаңалығы