Алматы қаласының 2022 жылға арналған бюджеті бекітілді

14 Желтоқсан 2021, 13:35
1270
Бөлісу:
Алматы қаласының 2022 жылға арналған бюджеті бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы мәслихатының депутаттары 2022 жылға арналған қала бюджетін қолдап, кезекті XIII сессияда бекітті. Жалпы сомасы – 1 трлн 40 млрд теңге.

Келесі жылға арналған бюджет жобасын депутаттарға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев таныстырды. Өткен жылдардағыдай, мегаполистің басты қаржылық құжаты әлеуметтік бағдарланған болып қалып отыр.

Осылайша, білім беру саласына 197,3 млрд теңге бөлінді. Қаражат жалпы саны 310 мың оқушысы бар 204 мектепті, 15 интернат мекемелерін, 48 колледжді ұстауға арналған. Бұдан басқа, келесі жылдан бастап білім беру объектілерінің бұрын жекешелендірілген ғимараттарын коммуналдық меншікке қайтару жоспарлануда. Осының арқасында тек Әуезов және Бостандық аудандарында оқушы орындырының тапшылығын қысқарту қарастырылып отыр.Сондай-ақ, Айнабұлақ, Саялы-2, Ақжар ықшам аудандарында 640 орындық үш балабақшаның құрылысын бастау, Алатау және Наурызбай аудандарында бес мектеп пен балабақшаны сейсмикалық нығайту, инновациялық шығармашылықтың екі орталығын салу жоспарлануда.

Денсаулық сақтау саласында 38,7 млрд теңге көлемінде шығындар жоспарланып отыр. Кеңейтілген медициналық көмек көрсету үшін Мамыр-5, 6 ықшам аудандарында 200 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда.

Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсету үшін атаулы әлеуметтік көмекті төлеу және азық-түлік себеттері мен бірінші кезекте қажетті тауарлар беру жоспарланған, оған 947,5 млн теңге бөлінеді. Бекітілген әлеуметтік көмек тізбесіне сәйкес 4 мың зейнеткерді санаторлық-курорттық емдеу бойынша жеңілдіктерге 2,1 млрд теңге, 9 мамырға ҰОС қатысушыларына, аз қамтылған азаматтарға бір реттік материалдық көмек қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға 2 720 жеке көмекшілер мен қимылмен көрсету тілі мамандарының қызметіне 3,3 млрд. теңге қарастырылған. 

Халықты жұмыспен қамту бағдарламасын қаржыландыру аясында жастар практикасына, қоғамдық жұмысқа және ерекше қажеттіліктері бар 500 адамның еңбек ақысын субсидиялауға қаражат қарастыру жоспарланған. Жалпы аталмыш бағдарлама аясында 8 мыңнан астам адам қамтылатын болады.

Сонымен қатар, көлік саласында барлық бағыттардағы автобус жолаушылар тасымалдарын, сондай-ақ теміржол қала маңы қатынастары мен метрополитендегі тасымалдарды субсидиялау жалғастырылады.

Тұрғын үй саласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдар мен отбасыларға әлеуметтік көмек ретінде 1 мың тұрғын үй сертификаты қарастырылған. Сонымен қатар, «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жастарға «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несие беру жоспарланған.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға 64,5 млрд теңге, оның ішінде 50 мыңға жуық Құрылысшы, Өжет, Саялы, Кемел, Жас Қанат, Қарғалы, Шаңырақ-2 және басқа шағын аудандардың тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге бағыттау жоспарлануда. Медеу, Алатау, Наурызбай аудандарында иесіз желілерді қайта жаңарту жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 42,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 200 шақырым жол жабынын жөндеу жоспарланған. Бұқтырма көшесі – Құлжа трактісі, Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі, Саин көшесі – Мөңке Би көшесі қиылысындағы көлік жолайырықтарының құрылысы жалғастырылады.Сондай-ақ, спортты, туристік инфрақұрылымды дамытуға, аумақтарды көгалдандыруға қаражат қарастырылған.2022 жылға арналған бюджет жобасы қаланың болжамды даму параметрлері мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын негізге ала отырып қалыптастырылды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке түсетін түсімдерді күтілетін бағалауға сәйкес өсім 2020 жылға арналған нақты түсімдердің 115% деңгейінде болжанып отыр.

Өзгелердің жаңалығы