Алматы оқушылары латын қарпімен шығарма жазды

27 Қыркүйек 2021, 17:51
5509
Бөлісу:
Алматы оқушылары латын қарпімен шығарма жазды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы мектептері латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша жұмысты бастап кетті. Білім ордалары «Алматы тарих тағылымында» тақырыбында латын қарпімен шығарма жазу акциясын өткізді. 

Бұл туралы Аlmaty.tv хабарлады.

Наурызбай ауданы мектептері 9 бен 11-сынып оқушылары арасында латын қарпінде шығарма жазу акциясын ұйымдастырды. Шараның мақсаты – 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшуді ұйымдастыру саясатын жүзеге асыру.

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде ұлттық комиссияның отырысы өткен болатын. Отырыс барысында халық арасында латын әріпіне көшу бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруға тапсырма берілген болаты, – деді Наурызбай ауданы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Ескендірова.

Мәдениет – ұлттың бірізділігін сақтауда қашан да алғы шепте. Сол мәдениеттің басты құрылымының бірі – жазу. Жазуды жаңа әліпбиге көшіру – бүгінде өзекті мәселе. Елбасы өзінің «Болашаққа бастау: Рухани жаңғыру» мақаласында бұл мәселені маңызды міндеттердің бірі деп бекітті. Осы орайда оқушылар арасында латын әліпбиі жайлы терең мағлұмат беру мен қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында осы іс-шараны ұйымдастырып отыр.

№200 мектеп-гимназиясында соңғы 2 жылдан бері оқушыларға латын әліпбиімен таныстыру жұмыстары жүргізілген. Мектеп оқушылары латын қарпінде шығарма жазу қиынға соқпағанын айтып отыр.

Латын әліпбиі қазіргі таңда көптеген жерде қолданылғаны бәрімізге белгілі. Тіпті, ғылыми кітаптарда, ғаламторларда барлығы ағылшын немесе латын қарпінде жазылған. Менің ойымша, латын қарпінде жазу өте оңай, себебі, біз осы уақытқа дейін бірнеше эссе жазып келгенбіз, – деді №200 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Арайлым Мыңбаева.

Латын қарпінде шығарма жазу акциясына аудан бойынша 1000 оқушы қатысқан. Шара 28 әріптен тұратын соңғы нұсқадағы әліпбиге сүйене отырып ұйымдастырылған.

Өзгелердің жаңалығы