Алматы облысының үздік мәдениет мекемесіне автокөлік табысталды

22 Мамыр 2021, 18:08
2076
Бөлісу:
Алматы облысының үздік мәдениет мекемесіне автокөлік табысталды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысындағы «Алатау әуендері» концерттік ұйымы өңірдегі үздік мәдениет мекемесі атанып, ұжымға «Киа Рио» автокөлігінің кілті табысталды. 

Бұл туралы Талдықорғандағы Б. Римова атындағы драма театрында өткен мәдениет саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында белгілі болды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысы және салтанатты шара қонақтары алдымен театр фойесіне қойылған өнер көрмесімен танысты. Мұнан соң шара сахнада жалғасып, шымылдық белгілі күйші Секен Тұрысбековтің дирижерлығымен «Ақ жауын» камерлық оркестрі орындаған «Көңіл толқыны» күйімен ашылды.

Кәсіби мерекеге орай құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов қоғам өміріндегі, рухани кемелденудегі өнердің рөлі туралы қысқаша айта келіп, облыста мәдениетті қолдауға көп көңіл бөлініп отырғанына да тоқталып өтті.

Халықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайының жылдан-жылға артуына байланысты мәдени-рухани саланың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Биылғы жылы облысымызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Талдықорған қаласының Алматы облысы орталығы мәртебесін алуының 20 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, Жолбарыс бидің 350 жылдығы, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтің 95 жылдықтарына орай түрлі мәдени-іс шаралар жоспарлы түрде атқарылып жатыр, - деді Баталов.

Бұдан әрі шара сала қызметкерлерін марапаттаумен жалғасты. 

Жыл бойғы тындырымды жұмыстарының қорытындысында 14 номинация бойынша үздік мекемелер мен үздік мамандар анықталып, оларға құрмет көрсетілді. 

Атап айтқанда, «Үздік мәдениет үйі» номинациясында Жамбыл аудандық мәдениет үйі оқ бойы озық шықса, Текелі қалалық кітапханасы «Үздік кітапхана» ретінде марапатталды. Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі «Үздік музей», Іле ауданынындағы үлгілі «Элегия» вокалдық ансамблі «Үздік халықтық үлгілі атағы бар ұжым» атанды. Сол сияқты Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің балет әртісі Гүлнұр Қаржаубаева «үздік биші»деп танылса, филармонияның жеке дауыстағы әншілері Сая Есенгелдинова «Үздік дәстүрлі әнші», Александра Ревкова «үздік әнші» аталымын иеленді. М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің аспапшы әртісі Ботагөз Дүнгенбаева «Үздік аспапшы», талғарлық Сайлау Ботабеков «Үздік қолөнерші», Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері Бағдат Батыров «Үздік техникалық-жабдықтау қызметкері», Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры әртісі Базарбек Тоқымтаев «Үздік театр әртісі», «Батыр бабалар» музейінің меңгерушісі Әлім Орынбасар «Үздік музей қызметкері», Талдықорған қалалық кітапханасының қызметкері Аяжан Қыдыралинова «Үздік кітапхана қызметкері» ретінде марапатталды. Жеңімпаздарға номинация статуэткасы мен арнайы 100 мың теңгенің сертификаты берілді.

Өңірдің үздік мәдениет мекемесі атанған «Алатау әуендері» концерттік ұжымы облыс әкімінің қолынан «Киа Риа» автокөлігінің кілтін алды.

Сонымен қатар 30-дан астам азаматқа «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісі, Мәдениет және спорт министрлігінің және облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары берілді.

Мәдениет өкілдерінің атынан Б. Римова атындағы драма театрының әртісі Руслан Сенкебаев сөз алып, әріптестеріне ақ тілегін арнады. Шара мерекелік концертпен аяқталды.

Атап өтсек, мәдениет саласына 2021 жылы облыстық бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда өңірде архивтер мен мәдениет мекемелерінің саны - 585. 

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 12 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. 

481 млн теңгеге мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 

Алматы облысының дамуына үлес қосқан жергілікті қаламгерлер мен балаларға арналған кітаптарды шығаруға, сондай-ақ облыстық бюджеттен кітаптар сатып алуға 67 млн теңге бөлінді.

Өзгелердің жаңалығы