Алматы облысының ономастикалық деректер пулы құрылады

25 Қараша 2022, 17:01
875
Бөлісу:
Алматы облысының ономастикалық деректер пулы құрылады

Алматы облысындағы атау берілмеген, идеологиялық тұрғыдан ескірген және мән-мағынасы жоқ көше атауларының электрондық деректер базасы құрылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Алматы облысы Тілдерді дамыту басқармасынының бөлім басшысы Жандар Асан мәлімдеді.

Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірқатар кешенді іс-шараларды қолға алуда. Атап айтқанда, басқарма өңірдегі атау берілмеген, мән-мағынасы жоқ және идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларының арнайы деректер базасын құрмақ, – деді Жандар Асан.

Оның айтуынша, бұл бастама біріншіден, осы тараптағы көшелер тізімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, көшелерді қайта атау және атау беру жөніндегі жұмыстарды жүйелеуге елеулі ықпалын тигізеді.

Пулдағы ақпараттар негізінде Алматы облысының электрондық ономастикалық деректер базасы жасақталатын болады. Жалпы алғанда, ономастикалық атаулар – мемлекеттік идеологияның негізі. Елді мекен, жер-су, көше аттарын заман талабына сай жаңғырту – бүгінде үлкен маңызға ие. Бұл бастама осы мақсатта іске асырылмақ, – деп атап өтті Жандар Асан.

Осы орайда айта кетерлігі, бүгінде облыстағы 3 103 даңғыл, көше мен саябақ, 120 білім мекемесі және 2 мәдениет үйіне тарихи тұлғалардың есімі берілген. Сонымен қатар өңірдегі 4 аудан, 39 ауылдық округ, 83 елді мекен мен 6 538 көше танымал азаматтардың есімімен аталады.

Өзгелердің жаңалығы