Алматы облысының Қасымбек ауылында үш ауысымда оқу мәселесі шешілді

9 Желтоқсан 2020, 14:34
3054
Бөлісу:
Алматы облысының Қасымбек ауылында үш ауысымда оқу мәселесі шешілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында Жамбыл ауданы Қасымбек ауылында қолданыстағы мектептің іргесі кеңейтіліп, жанынан салынған жаңа ғимарат пайдалануға берілді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында іске қосылған жаңа нысанның ашылуына облыс əкімі Амандық Баталов келді. 
Қосалқы салынған ғимарат болғанымен, үш қабатты бұл құрылысты заман талабына сай жаңа мектеп деуге де болады. Мектептің сапалы салынғаны сыртқы кейпінен-ақ көзге көрініп тұр. Бұл құрылыс Елбасының балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үш ауысымды мектептер мәселесін шешу туралы тапсырмаларына орай жүзеге асырылды. Біздің облыста жылына 50 мыңдай бала өмірге келіп, мектепке баратын оқушылар саны да жыл сайын 20 мыңға артып отыр. Үш ауысымды мектептердің азаймауы осы демографиялық жағдайға да байланысты. Сондықтан біз келесі жылы 1500 орындық 6 мектеп саламыз. Қазіргі кезде 17 мектептің құрылысы жүріп, біразын пайдалануға бердік. Бүгінгі күні Жамбыл ауданда үш ауысымды 7 мектеп бар. Алдағы уақытта бұл мәселені де шешетін боламыз, – деді  облыс әкімі Амандық Баталов.

Қонақтар ғимаратты аралап, мектеп директоры Айман Кенженбаева оқу кабинеттерінің материалдық-техникалық жабдықталуымен таныстырды. Химия және география кабинеттеріндегі заманауи құрылғылар, ағылшын тілінің лингафонды кабинеті, бастауыш сыныптың сапалы көрнекіліктері балалардың уақыт талабына сай білім алуына қызмет етпек. Сол сияқты 13 тігін машинкасы қойылған шеберхана да оқушыларды қол еңбегіне баулиды. Ғимаратта 100 орындық асхана, баскетбол, волейбол басқа да спорттық ойындармен айналысуға мүмкіндік жасалған заманауи спорт зал бар. Спорт залда оқушылар мен мұғалімдерден құралған екі команда волейбол ойынын көрсетті. 

Оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де спортпен айналысу аса маңызды. Сондықтан мұғалімдер жұмыстан кейін спортпен шұғылдануы керек. Біз әрбір аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салып жатырмыз. Бүгінге дейін осындай кешеннің 9-ын тұрғыздық. Тағы 7-еуін саламыз. Талдықорғанда жуырда олимпиадалық стандартқа сәйкес жабық жүзу бассейні іске қосылады. Біз шаралардың барлығы бұқаралық спортты дамыту туралы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, халықтың денсаулығын нығайту мақсатында атқарылып жатыр, - деді Амандық Баталов.

Атап өтсек, Қасымбек ауылындағы бұл нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Бұған дейін 520 орындық мектепте 1100 бала оқып келген. Жаңа ғимараттың салынуына байланысты мектептің мүмкіндігі тағы 300 орынға кеңейтілді. Жыл басында Жамбыл ауданындағы 62 мектептің 10-ы үш ауысымда оқытатын. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 7-ге түсті. Оны азайту мақсатында жұмыстар әлі де жалғасады.

Ал жалпы Жамбыл ауданын дамытуға 2019 жылы 8,2 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы 9,7 млрд теңге қаражат берілді.

 

       

 


Өзгелердің жаңалығы