Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Шонжы қаласында екі адамнан сібір жарасы анықталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Шонжыда ірі қарадан сібір жарасы шығып, адамдарға жұғып жатыр екен. Ауру малды сойып, қолдарын жарақаттаған басқа екі ауылдың тұрғыны ауруханаға түскен. Жағдайлары бірқалыпты. Қазір ауру ошағын анықтау үшін ветеринарлар сиырлардан сынама алып, зертханаға жолдапты. Нәтижесі бүгін-ертең белгілі болады. Егер сібір жарасы екені анықталса, Ұйғыр ауданындағы Үлкен Ақсу ауылы карантинге жабылады. Қауіпті індеттің таралуына кім кінәлі? Мал дәрігерлері төрт түлікке дер кезінде вакцина салды ма? Бұл сұрақтардың жауабын жақында білеміз. Ал, сіздер арзан ет сатамын дегендерге абай болыңыздар! Өйткені соғым мезгілі жақындағанда, осындай ауру малдың еті сауда сөрелеріне түсіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан базарлардағы ветеринарлық қадағалау қызметінің жұмысын қатаң бақылау керек, - деді журналист.
Мәселенің мән-жайын білу үшін Алматы облысының әкімдігі мен салаға жауапты мамандарға хабарластық. Олар өз кезегінде ақпаратты ресми турде жолдайтынына уәде етті.