Алматы, BAQ.KZ. Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов көп балалы аналардың белсенді тобын қабылдады, деп жазады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Өткен жылдың соңында көп балалы аналар тұрғын үйге қатысты проблемаларды алға тартып, мәселе көтерген болатын. Осыған байланысты 2018 жылдың желтоқсан айында облыс әкімі қабылдаған аналармен бүгін Амандық Баталов тағы да кездесті. Басқосуда өз орынбасары Ақан Әбдуәлиев пен Талдықорған қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Нұрлан Қыстаубаевтан көп балалы аналарды алғаш қабылдаған уақытта берілген тапсырмалардың қайсысы қандай деңгейде орындалғанын тәпіштеп сұрады.
Ақан Әбдуәлиевтің айтуынша, облыста 2 мыңнан астам көп балалы ана тұрғын үй кезегінде тұр. Аудан, қала әкімдеріне тоқсан сайын кезектің жылжу реті, берілген үйлер туралы есеп беріп отыру тапсырылғанын айтты. Қала әкімдігі көп балалы отбасыларға берілетін көпқабатты үйдің орны таяу арада облыс әкімімен келісілетінін жеткізді.
Өз кезегінде көп балалы аналардың уәжін және әкімдік өкілдерінің баяндауын тыңдаған облыс әкімі А. Баталов алдыңғы берілген тапсырмалардың, соның ішінде кезек реті туралы ақпарат беру ісінің әлі де реттелмегенін, көп балалы отбасыларына арнап үй салу мәселесінде де нақты ұсыныс жоқтығын сынға алды. Ең бастысы қала әкімдігінің қабылдауға барған әрбір азаматты жылы қарсы алып, туындаған мәселелерді заңдық тұрғыда егжей-тегжейлі түсіндіріп беруі керектігін қадап айтты.
«Мен осы көтеріліп отырған мәселелердің қалай шешіліп жатқанын білу, сол жұмыстардан өздеріңізді хабардар етіп отыру үшін осындай қабылдауды бір айдан кейін тағы өткіземін, яғни ай сайын осылайша істі пысықтап, қадағалап отырамын», - деді А. Баталов көп балалы аналарға қаратып. Ал әкімдіктің жауапты тұлғаларына:
«Өткенде берілген тапсырмаларды тағы да қайталаймын. Оған қоса белсенді топ өкілдерін қала әкімі Дастан Шалтабаев қабылдап, әрқайсымен жеке-жеке әңгімелесіп, мәселелерінің шешілу барысынан хабардар етіп отырсын. Ақпан айындағы басқосуға дейін тындырымды іс атқаруылуы керек», - деді А. Баталов.