Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Алматы облыстық білім басқармасынан хабарлады.
Сонымен, Алматы облысының 7 ауданы мен 2 қаласында, атап айтқанда, Алакөл, Ақсу, Балқаш, Көксу, Кеген, Сарқан, Ұйғыр аудандары мен Қапшағай мен Текелі қалаларында мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 100 % жетті.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, облыс бойынша 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 98,5 % құрады.
"Балабақша орындарына неғұрлым көп қажеттілік Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар, Іле аудандары мен Талдықорған қалаcында байқалады. Аудан, қалаларда 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен толық қамту үшін 2019 жылы 7529 орынға арналған 75 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланса, соның 5250 орынға лайықталған 65-і – жекеменшік", - делінген хабарламада.
Жалпы 2019 жылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша, Алматы облысында 1169 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді, олар 84137 баланы тәрбиелеп отыр. Соның ішінде мемлекеттік меншіктегі – 183, жекеменшік - 597, ал 389 шағын орталықтың 5-еуі – жекеменшік.
Айта кетейік, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен бөлінген 22,3 млн теңгеге 182 балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.