Алматы облысындағы үздік мемлекеттік қызметші анықталды

2 Маусым 2022, 17:46
1701
Бөлісу:
Алматы облысындағы үздік мемлекеттік қызметші анықталды

Алматы, BAQ.KZ. Ескелді ауданының әкімі Рустам Али мен Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков Алматы облысының  үздік қызметшілері атанды.

Алматы облысы бойынша  МҚІА департаментінің хабарлауынша 31-і мамырда «Жылдың үздік мемлекеттік қызметкері» республикалық байқауының өңірлік комиссиясының отырысы өтіп, іріктеуден 13 үміткер өткен. Ақтық кезеңде қатысушылар жобасын қорғап, тың идеяларымен бөліскен.
 
Алматы облысынан 57 мемлекеттік қызметші республикалық байқауға қатысуға ниет білдірген. Қатысушыларға қойылған негізгі критерий 3 жыл мемлекеттік қызмет өтілінің болуы. Сондай ақ қызметіне кір келтіретін теріс қылықтары үшін әкімшілік, тәртіптік жазаларының жоқтығы да тексерілді.

Іріктеуден соң, үміткерлер 500 сөзден аспайтын эссе жазып, 5 минуттан аспайтын бейне жауап ұсынды. Кейстік тапсырманың шешімін мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тәуелсіз сарапшылар шығарды. 

Нәтижесінде: Қаратал ауданының әкімі Исабеков Ерлан мен Ескелді ауданының әкімі Рустам Али көп ұпай жинаған. Енді екі финалист облыс намысын республикалық деңгейде қорғайды.
 

Өзгелердің жаңалығы