Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматы облысындағы қауіпсіздік Sergek жүйесі арқылы күшейтіледі

4 Қараша 2025, 19:00
508
Бөлісу:
 Ержан Айтанов
PHOTO
Фото: Ержан Айтанов

Алматы облысында Sergek жобасы іске қосылды. Енді аймақ тұрғындарының тәртібі мен қауіпсіздігін полиция қызметкерлері интеллектуалды жүйенің көмегімен қамтамасыз ететін болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоба аясында 325 аппараттық-бағдарламалық кешен және 9 400-ден астам бейнекамера орнатылды. Олар автожолдарды, тұрғын үй аумақтарын және қоғамдық орындарды қамтиды. Барлық деректер Жедел басқару орталықтарына жіберіліп, полиция қызметкерлері жағдайды нақты уақыт режимінде бақылайды, талдайды және жол-көлік оқиғаларына, құқықбұзушылықтарға және төтенше жағдайларға жедел әрекетке көшеді.

Жүйе автоматты түрде жол қозғалысы ережелерінің бұзылуларын тіркейді: жылдамдықты арттыру, қызыл шамға өту, дұрыс емес тұрақ, жаяу жүргіншіге жол бермеу және басқа да құқықбұзушылықтар. Бұл жолда жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Адамдар сақ бола бастады, құқықбұзушылықтар азайды. Sergek орнатылған жерде жол апаттары азаяды. Бұл теория емес, дәлелденген факт, – деді Алматы облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Тленчин.

Мәліметтерге сәйкес, Sergek енгізілген өңірлерде жол-көлік оқиғаларынан өлім-жітім 30–50%-ға, ал жалпы апаттар саны шамамен үштен біріне азайған. Мысалы, Астанада 2017–2024 жылдар аралығында қаза тапқандар саны 60-тан 37-ге, ал Алматыда 161-ден 105 адамға дейін төмендеді.

Жоба тек жүйені ғана емес, мобильді кешендер мен жедел басқару орталықтарын қамтиды. Сонымен қатар көлік қозғалысының цифрлық егізі жасалды – бұл жол қозғалысының нақты уақыттағы айна-моделі. Ол жолдағы жүктемені, көліктің орташа жылдамдығын, бағыттардағы машиналар санын және коммуналдық қызметтердің жұмысын көрсетеді және Қонаев қаласында Smart City жүйесін құрудағы маңызды құрал бола алады, – деді Алматы облысындағы Sergek Group өкілі Алексей Снегур.

Жоба жол қауіпсіздігін арттырумен қатар қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықты азайтуға ықпал етеді. Sergek камералары қоғамдық тәртіпті бұзушылықтарды тіркеп, қылмыстардың ашылуына және қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

Біз басқаруды толық цифрландыруға көшірудеміз – коммуналдық қызметтерден бастап көлікке дейін. Sergek осы экожүйенің бөлігіне айналды. Енді біз жолдардағы нақты жағдайды көріп, жедел әрекет ете аламыз, – деді Алматы облысы цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Артықбай.

Жоба Sergek Group, қазақстандық жеке IT-компания "Азия Софт" және Алматы облысы әкімдігінің цифрландыру басқармасының қатысуымен жүзеге асырылды.

Алматы облысындағы қауіпсіздік Sergek жүйесі арқылы күшейтіледі

Анықтама:

Sergek Group – қауіпсіздік, көлік және экология салаларындағы "ақылды қала" шешімдерін әзірлеу бойынша қазақстандық нарықтың көшбасшысы. Компания 2006 жылдан бері жұмыс істейді және құрамында 800-ге жуық маман, оның ішінде 260 инженер мен әзірлеушілер бар.

Sergek жүйелері Қазақстанның он қаласы мен үш облысында, сондай-ақ Өзбекстанда (Наманган қаласында) іске асырылған. Компанияның шешімдері Индонезия президентіне таныстырылды, сондай-ақ Малайзия, Оңтүстік Африка, Кения және Зимбабве елдері тарапынан да қызығушылық бар.

Өзгелердің жаңалығы