Алматы, BAQ.KZ. Кеше Алматы қаласында табиғаттағы бүркіттерді есепке алу жөніндегі арнайы экспедицияның қатысушыларымен кездесу өтті.
Жиын барысында орнитолог Сергей Шмыгалев, көмекші-жүргізуші Владимир Исаенко және екінші жүргізуші Игорь Свастиннен құралған Сұңқар тәлімбағы мамандарының командасы 10-29 сәуір аралығында ұйымдастырылған экспедиция нәтижелерімен бөлісті.
Экспедиция бағыты бүркіттер мекендейтін Алматы облысының аумағын қамтыған. Атап айтар болсақ, Арқарлы және Малайсары, Үлкен және Кіші Бөгіт, Сүйғоты таулары, Торайғыр және Шарын жоғарғы жағы тексерілген.
Экспедицияның есептеуінше, зерттелген аумақта бүгінгі күні 36 бүркіт мекендеп жүр. Мамандар 14 жас түлек пен 11 бүркіт жұбын тіркеген.
«Бірінші кезеңде Жоңғар Алатау тау сілемдері зерттелді. Сапарымыз басталғаннан кейінгі бірнеше күн ішінде біз алғашқы екі бүркіт жұбын анықтадық. Екінші кезеңде біз Іле Алатау аумағын және алты жыл бойы бүркіттер еркіндікке жіберілген Алматы облысының жерлерін қарап шықтық. Тексерілген аумақта біз жас түлектерді де, ұя салатын бүркіттерді кездестірдік: 11 жұп және 14 жас түлек мекендеп жатыр», - дейді топ жетекшісі Сергей Шмыгалев.
Экспедиция Қазақстанда 2012 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан «Үлесіңді қос. Табиғатты аман сақтап қал» атты «Эфес Қазақстан» компаниясы жобасының аралық қорытындысын шығарып отыр. Осы кезең ішінде «Сұңқар» тәлімбағында 25 бүркіт балапаны өсіріліп, табиғат аясына жіберілген.
Қазақстан аумағында мекендейтін бүркіттердің санын есептеу соңғы рет жеті жыл бұрын өткізілген. 2012 жылдағы есепке алудың нәтижесі және орнитологтардың бірқатар бағалауы бойынша бүркіттердің популяциясы азайған, Үлкен және Кіші Бөгіт аймағында (Алматы облысы) бар-жоғы 4-5 жұп қана қалған.
Бүркіттерді қорғауға арналған бағдарлама ары қарай да жүзеге асырыла бермек.
«Көп жыл бойғы біздің еңбегіміз осындай тамаша нәтижелерді әкеліп отырғанына аса қуаныштымыз. 2012 жылмен салыстырғанда қазір ұя салатын бүркіт жұптарының бірнеше есеге өскені байқалып отыр. Қазақстанның мемлекеттік жалауында бейнеленген ұлттық нышанды сақтап қалу – біздің компанияның корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саласындағы басымдық беретін міндеттерінің бірі», - деп түсіндірді «Эфес Қазақстан» ШС АҚ корпоративтік қатынастар департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев.