Алматы облысында жиналған жүгері 580 мың тоннадан асты

18 Қараша 2020, 12:39
2903
Бөлісу:
Алматы облысында жиналған жүгері 580 мың тоннадан асты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылы Алматы облысында жүгерінің егістік алқабы 4,7 мың гектарға арттырылып, 86,4 мың гектарға жеткізілді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде 581,3 мың тонна жүгері жиналып, гектарына 67,3 центнерден өнім берген.

Жалпы облыста дәндік жүгері 15 аудан мен 2 қала аумағында өсіріледі. Биылғы жылы Панфилов ауданында 166,1 мың тонна жүгері жиналды. Еңбекшіқазақ ауданы да жақсы өнім алып, 24,8 мың гектардан 178,9 мың тонна жүгері жинады. Облыста жүгері шикізатын өңдеу мен одан түрлі өнім алу ісі де қатар дамып келеді, - делінген әкімдік хабарламасында.

Мәселен өңірде жүгері өңдеумен Панфилов ауданындағы «Жаркент крахмал-сірне зауыты» мен Қарасай ауданындағы «Азия Агро Фуд» АҚ айналысады.

Жаркент крахмал-сірне зауытының өндірістік қуаты тәулігіне 300 тонна өнім шығаруға жетеді. Кәсіпорын крахмал-сірне өнімдерінің 20-дан астам түрін шығарады. Атап айтқанда, жүгеріден мальтоза және глюкоза шырындары, глютен, жүрегі майы, жарма, түйіршіктелген құрамажем жасалады. Өткен жылы  зауыт 120 мың тоннадай жүгері өңдеген. Қазір зауытта биылғы жылдың өнімін өңдеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Осындай жұмыс «Азия Агро Фуд» АҚ-да да атқарылуда, оның өндірістік қуаты тәулігіне 200 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын өнімнің 10-нан астам түрін дайындайды. Өткен жылы зауытта 50 мың тоннадай жүгері өңделсе, биыл бұл көрсеткішті 70 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы