Астана, BAQ.KZ. Жетісулық жастар ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға дайын. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың өңір жастарымен кездесуі кезінде белгілі болды.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін облыстағы әрбір жастар ресурстары орталықтарына 10 гектардан жер берілген. Осы ауыл шаруашылығы учаскелеріне олар өз аудан, қалаларында басымдық берілетін дақылдарды сеуіп, өнім өсірмек, одан тапқан кірісті елді мекендерді абаттандыруға және жастар мәселелерін шешуге жұмсаймыз деп отыр. Бұл ұсынысты облыс әкімі қолдайтынын айтты.
Атап өтсек, облыста осындай оң тәжірибе бұрыннан бар. Мәселен, Сарқан ауданында жастар 2016 жылдан бері қант қызылшасын өсіріп келеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша орташа өнімділік әр гектарынан 380 центнерден айналған, жалпы егістік алаңы – 15 га. Бұл жұмысты 4,5 гектардан бастаған сарқандық жастар биылғы жылы егіс алқабын 25 гектарға жеткізуді көздеп отыр.