Алматы облысына 2023 жылы туризм нысандары мен жобаларын дамытуға 60, 5 млрд теңге инвестиция тартылған, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Облыстық туризм басқармасы ұйымдастырған баспасөз-турында өңірдегі көркем мекен Кеген ауданына қарасты Көлсай және Қайыңды көлдері таныстырылды. 2024 жылы осы күнге дейін дейін 80 мың турист Көлсай көлдерін тамашалауға келген. Алдағы жазғы маусымда бұл көрсеткіш 3 есеге ұлғаяды деп жоспарланған. Былтыр Көлсайға 250 мың адам келсе, биыл бұл сандар 400-ден асады деп күтілуде.
Былтыр Көлсай көлдеріне туристердің қауіпсіздігі үшін ағаштан жаяу жүргінші жолы жасалған еді, биыл бұл үрдіс жалғасын тауып, Қайыңды және Көлсай көлдеріне ұзындығы 470 метр болатын жол салынады, - деді облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.
Қазіргі таңда дәл осы жерде инфрақұрылым мәселесі шешім тауып, келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылуда.
Облыстық туризм басқармасы басшысының айтуынша, бүгінде туризм және спорт министрлігі әзірлеген 50/50 бағдарламасының аясында жол салу үшін өтінім берілген. Өтінім мақұлданған жағдайда, туристер көп келетін аумақта халықаралық стандарттарға сай жолдар салынатын болады.