Алматы облысында адам өлтіру, зорлық-зомбылық және адам ұрлау ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ауыр қылмыстар бойынша айыпталған азамат А., сондай-ақ кәмелетке толмағандар Е. мен К.-ға қатысты үкім шығарды.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы А. жәбірленушінің жеке өміріне қол сұғылмаушылықты бұзып, жеке құпия мәліметтерді таратқан.
Сонымен қатар оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны анықталған.
Бұдан бөлек, ол жәбірленушінің туыстарының үйіне заңсыз кіріп, оларды өлтіремін деп қорқытқан.
Тергеу барысында А.-ның кәмелетке толмаған Е. мен К.-ны қылмысқа тартқаны белгілі болды. Олардың қатысуымен жәбірленушінің ағасы өлтіріліп, кейін оның баласы ұрланған.
Сот айыпталушылардың кінәсін толық дәлелденген деп таныды.
Үкімге сәйкес:
- А. кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды;
- кәмелетке толмағандар Е. мен К. әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ сот моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптарды қанағаттандырды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.