Алматы облысы Кеген ауданының Қарабұлақ, Жылысай, Ұзынағаш ауылдық округтерінде зиянкестердің таралу ошақтары анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зиянкесті дәл анықтау үшін «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің мамандары сынамалар алып, зертханалық зерттеулер оның рапс жапырақ жемірі екенін көрсетті. Рапс жапырақ жемірі - крестгүлділер (орамжапырақ) тұқымдасының жабайы өсімдіктерімен, сондай-ақ шалқан, арпа, қырыққабат, шалғаммен қоректенетін зиянкес.
Рапс жапырақ жемірі өсімдіктер карантині шаралары белгіленетін және жүргізілетін карантиндік объектілер мен өзге де түрлерінің тізіміне кірмейді.
Осы ретте, «Өсiмдiктердi қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-5-бабының 1) тармақшасына сәйкес қызметi мемлекеттiк фитосанитариялық бақылау объектiлерiмен байланысты жеке және заңды тұлғалар фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық іс-шараларды жүргізуге және саны зияндылықтың экономикалық шегінен асатын зиянды және аса қауіпті зиянкестердің дамуы мен таралуына жол бермеуге міндетті.
Осыған байланысты, аумағында рапс жапырақ жемірі дернәсілдері анықталған 3 шаруашылықтың иелеріне фитосанитариялық іс-шаралар жүргізу қажеттілігі туралы нұсқама берілді.
Аумақтық инспекция мамандары шаруа қожалықтарының иелеріне препараттарды қолдану бойынша ұсыныстар берді.
Қазіргі уақытта дернәсілдерді жою мақсатында трактормен және рюкзакті бүріккіштермен химиялық өңдеу жүргізілуде, 7,5 га өңделді. 600 га өңдеу жоспарланған.
Қорғау іс-шаралары аумақтық инспекциялар мен әкімдіктер тарапынан тікелей бақылауымен жүргізілуде.
Сонымен қатар, зиянкестерді жою жұмыстарын үйлестіру үшін ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дархан Әбдікәрімов аталған өңірге аттанды.
Қажет болған жағдайда «Фитосанитария» РМК фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу үшін қосымша құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге көмек көрсетеді.
Айта кетейік, зиянкестердің таралуы әзірге арамшөптерден басқаға зиян келтірген жоқ.
Бүгінгі таңда зиянкестерді анықтау мақсатында «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі майлы дақылдар алқабында 204,46 мың гектар, оның ішінде Алматы облысында 2,120 мың гектар аумақта фитосанитариялық мониторинг жүргізуде.