Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматы облысында полицейлер туристерден ақша боспсалағаны рас па?

Нұрқанат Атажан
16 Шілде 2025, 12:05
868
Бөлісу:
 Арман Мухатов  - архив
Фото: Арман Мухатов - архив

Ресейлік туристер қазақстандық полицейлерді ақша бопсалады деп айыптады. Бұл жағдайға Ішкі істер министрлігі пікір білдірді, деп деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ресейлік блогерлер Лера мен Вова әлем бойынша саяхаттап жүр. Бірнеше күн бұрын олар Instagram парақшасына видео жариялап, онда Қазақстандағы тас жолда полицейлердің өздерін алаяқтықпен ақша талап етпек болды деп айтқан.

Лераның айтуынша, алдымен полицейлер олардың достарын тоқтатқан. Алкотестерге үрлетіп, алкоголь болмағанына қарамастан 0,17 промилле көрсеткен.

Бірден жүргізуші куәлігінен айыру туралы айтылды. Одан кейін, әрине, әңгіме ақшаға – 1,5 млн теңгеге келіп тірелді, – деді ресейлік турист.

Кейінірек олардың өздерін де тоқтатқан. Күйеуінің құжаттарын алып қойған. Бірақ Лераның айтуынша, олар камераларын қосып, түсіре бастағанда, полицейлер оларды босатқан.

Қазақстан расында тамаша ел. Бірақ бөтен елде өзіңді ақша қапшығы сияқты сезіну көңілге жағымсыз, – деді блогер.

Айта кетейік, қазір бұл жазба олардың парақшасынан жойылған.

ІІМ бүгін бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Жарияланым шыққаннан кейін ІІМ өкілдері жазба авторымен байланысқа шықты. Турист қыз ведомство тарапынан көрсетілген назарға, қонақжайлық пен жедел әрекетке ризашылығын білдірді. Полиция қызметкерлерінің әрекеттері Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында жоспарлы жол қауіпсіздігі шаралары аясында жүзеге асырылған, – деді министрлік.

ІІМ өкілдері полиция қызметкерлері тарапынан кез келген заңсыз әрекет анықталған жағдайда қатаң және жедел шаралар қолданылатынын атап өтті.

Алайда блогерлердің 1,5 млн теңге бопсалау туралы мәлімдемесіне министрлік түсініктеме берген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы