Алматы облысында көші-қон заңнамасын бұзған 14 шетелдік елден шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы облысында өткен аптада көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 270 шетелдік азамат анықталды. Тексеру нәтижесінде олардың 14-і Қазақстан аумағынан шығарылды.
Біз көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау. Еліміздің аумағында болуды жоспарлаған шетелдіктер белгіленген ережелерді қатаң сақтауы қажет, – деп мәлімдеді облыстық көші-қон қызметі басқармасының өкілдері.
Депортацияның негізгі себептері – заңсыз еңбек қызметімен айналысу, елде болу мерзімін асыру және әкімшілік қадағалаудан жалтару. Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстанның 119 азаматы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдары шетел азаматтарына көші-қон заңнамасының талаптарын бұлжытпай орындауға, қажетті құжаттарды уақытылы рәсімдеуге шақырады. Егер қандай да бір сұрақтар туындаса, жақын маңдағы көші-қон полициясы бөлімшесіне жүгінуге кеңес береді.