Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысында кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін заңсыз тексеріп, профилактикалық бақылау жүргізудің 244 фактісі анықталды, оның ішінде мораторий талаптарын бұзған 128 дерек анықтады. Бұл туралы Алматы облыстық прокуратурасы хабарлады.
Мемлекет басшысының Жолдауында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға жол бермеу туралы талаптар айтылған. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Президенттің Жарлығымен шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімге тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий жарияланды.
Десе де, Алматы облыстық прокуратурасы кәсіпкерлік субектілерін заңсыз тексергендердің жолын кесті. Мысалы, өткен жылы Еңбекшіқазақ ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкері азық-түлікті бөлшек саудада өткізу дүкенінің қызметін аралап, тексерді. Лауазымды тұлғаға қатысты аудан прокурорымен ҚР ӘҚБтК-нің 175-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды және сот қаулысымен кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарладыАлматы облыстық прокуратурасынан.
Тағы бір жағдай, 2020 жылы Қапшағай қаласының Ішкі істер органдарымен террористік тұрғыдан осал объектілерге қойылатын талаптардың орындалуы тұрғысынан екі шағын кәсіпкерлік субъектісі тексерілген. Бұл ретте, бизнес субъектілері мұндай объектілердің тізбесіне кірмеген. Қадағалау актісі бойынша заңсыз тексерулердің нәтижелері жойылды, кінәлі адамдар жазаланды.
Биыл полиция қызметкерлері мониторингтік топтардың қызметін сылтау етіп кафе, мейрамханалардың қызметінде карантиндік шектеулердің заңдылығының сақталуына жеке-дара тексеру жүргізді. Ал полиция органдары мұндай тексерулерді тек мониторингтік топтардың құрамында ғана жүргізуге тиіс. Қадағалау актілері бойынша 18 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылуына жол берілмеді, кінәлі полицейлер тәртіптік жазаға тартылды. Заңсыз тексерулер мен профилактикалық бақылаудың өзге де нысандары фактілеріне басқа мемлекеттік бақылау органдары тарапынан да жол берілген. Барлық анықталған фактілер бойынша прокурорлық ден қою шаралары қабылданды, бизнестің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, - делінген хабарламада.
Алматы облысында кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына дер кезінде ден қою мақсатында бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтар құрылып, жұмыс істеуде, олардың байланыс телефондары облыс прокуратурасының сайтында орналастырылған.