Алматы облысында биыл 52 мың жұмыс орны ашылған

11 Қараша 2024, 15:34
327
Бөлісу:
Алматы облысында биыл 52 мың жұмыс орны ашылған
Фото: Алматы облысының ӨКҚ

Жұмыспен қамту орталықтарына 62 мыңнан астам азамат өтініш білдірген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жансерік Әдиахметов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Биыл 66 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, оның 76,6%-ы тұрақты жұмыс орындары болмақ. Қазіргі уақытта облыста 52,5 мың жұмыс орны ашылған, оның 39,7 мыңы тұрақты жұмыс орындарына жатады. Сондай-ақ, субсидияланатын жұмыс орындарына 11,8 мың адам орналастырылған. Субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген азаматтардың қатарында жастар тәжірибесінен өткен 971 адам, қоғамдық жұмыстарға қатысқан 8 153 адам және әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек еткен 601 адам бар. Сонымен қатар, "Күміс жас" жобасы арқылы 1 442 азамат жұмысқа орналастырылды, - деді Жансерік Әдиахметов.

Облыста қысқа мерзімді курстар арқылы 624 жұмыссыз азамат кәсіби дағдыларын жетілдірді. Ал "Бастау бизнес" бағдарламасы аясында 2,9 мың адам оқытылып, олардың 260-ы әлеуметтік осал топтардың өкілдері болды. Бағдарлама нәтижесінде 400 АЕК көлеміндегі грантты иеленген азаматтар өз кәсіптерін бастау мүмкіндігіне ие болды.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін жыл басынан бері 69 жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 980 жұмыс беруші 9 065 бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар, 279 азамат, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 54 адам мен пробация қызметінде есепте тұрған 225 адам жұмыспен қамту шараларына жүгінді. Нәтижесінде, 224 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 17 азамат қоғамдық жұмыстарға тартылды, - деді Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы.

Өзгелердің жаңалығы