Алматы облысында бірқатар кәсіпорын жаңғыртылады

26 Наурыз 2019, 17:10
2413
Бөлісу:
Алматы облысында бірқатар кәсіпорын жаңғыртылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы әкімдігінде өңірдегі қай зауыттар модернизацияланатыны және алдағы жақын уақытта қандай жобалар жүзеге асырылатыны жөнінде айтып берді. Бұл жөнінде LS порталы хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, өңірде екі қант зауыты қалпына келтірілген және кезекте тағы екеуі тұр. 

«Бұған дейін тоқтап тұрған Көксу және Ақсу қант зауыттары іске қосылды. Оларды жетілдіруге 3,7 млрд теңге жұмсалды. Көксу қант зауытының қуаттылығы – 260 мың тонна, Ақсуда – 350 мың тонна шикізат. 2018 жылы кәсіпорындар 42 мың тонна ақ қант шығарды. Сондай-ақ, Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын модернизациялау жоспарланып отыр. Инвесторлармен сәйкес келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Қапшағайда жаңа зауыт салу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деп түсіндірді әкімдікте. 

Сонымен қатар, аймақта заманауи техника мен жабдықтың кез келген түріне арналған трансмиссиялық және негізгі майлар шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Аталған кәсіпорын өнімінің бір бөлігін Қытай, Ресей, Иран және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығару жоспарланып отыр. 

«Бұдан басқа, 47 млрд теңгеге «Alacem цемент зауытының құрылысы» жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Оның қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна цементті құрайды. Дайын өнім Қытай, Қырғызстан, Өзбекстанға шығарылатын болады», - деді әкімдікте. 

Ведомствода 2018 жылдың желтоқсан айында іске қосылған кәсіпорындарды дамыту жоспары туралы айтып берді. Осылайша, «Маревен Фуд» азық-түлік өнімдерін шығару бойынша комбинат өнімінің 80%-ын Орталық Азия елдеріне экспорттайтын болады. Жалпы, кәсіпорын 2019 жылы 19 мың тонна өнім шығаруды көздеп отыр. 

«Дәл осы кезеңде іске қосылған тағы бір жоба – WILO неміс компаниясының сорғы жабдықтарын шығару бойынша зауыт. Оның қуаттылығы жылына 2 мың сорғыны құрайды. Инвестиция көлемі – 2,1 млрд теңге. Өндірісте жыл соңына дейін 600 млн теңгеге 300 сорғы жабдығын шығару жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Орталық Азия мен Кавказға өнімдерді экспорттауға арналған лицензиялар мен басқа да құжаттар алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді әкімдікте.
Өзгелердің жаңалығы