Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Алматы облысында E-ZHETYSU.KZ порталы іске қосылды. Аталған порталды әзірлеу мақсатында облыс бюджетінен 58,1 млн. теңге жұмсалған. Портал арқылы мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезекке қоюды жеделдетуге мүмкіндік бар.
"Бүгінгі таңда балабақшаға балаларды орналастыру мәселесі оң шешімін тапқан. Облысымыздағы барлық аудан, қалалар мен елді мекендерде балабақшалар жұмыс істеп тұр. Араға адам салып, білім басқармасына өтініш білдіріп немесе балабақша басшылығымен ымыраласудың қажеті жоқ. Кез келген ата-ана балабақша кезегі туралы барлық мәліметті аталмыш портал арқылы анықтай алады. Ол үшін заманауи техника құралының тілін біліп, өз кілтін сайтқа жүктей алса жетіп жатыр. Алматы облысында 1169 мектепке дейінгі балалар ұйымы болса, қазір соның 90 пайызы толығымен осы е-zhetysu.kz порталы арқылы жұмыс істеп тұр. Жүйені таныстыру, насихаттау мақсатында 20 мыңнан астам ақпараттық буклет шығарылып, білім бөлімдері мен ата-аналарға таратылып жатыр, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев.
Сондай-ақ, ол цифрландырудың игілігінің бірі сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерге жол бермейтіндігі екенін де атап өтті.
Қазіргі таңда облыста балаларды балабақшамен қамту дейгейі 98,5%. Биылғы жылы тағы 66 жекеменшік балабақша ашудың арқасында облыстағы қамту көрсеткішін 100%-ке жеткізу көзделіп отыр.