Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты бірнеше қылмысқа кінәлі деп танылған 5 экс-полицейге қатысты үкім шығарды.
Сот айыпталушыларды тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық құқықбұзушылық жиынтығы негізінде 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олардың бірін 4 жылға бас бостандығынан айырды.
Қылмыскерлерге тағылған айыптар тізімі:
- лауазымды тұлғаның қызметтік жағдайын пайдалана отырып, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы есірткі құралдарын, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны, қайта өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны және тасымалдағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1, 4 тармақтары);
- адамдар тобымен алдын ала сөз байласуы арқылы бопсалаушылық жолмен бірнеше рет пара алғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 1, 2, 4-тармақтарымен);
- лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 361-бабы 1-бөлігі);
- заңсыз ұстағаны, күзетпен қамауға алғаны немесе күзетпен ұстағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 414-бабының 1-бөлігі);
- қызмет бабын пайдалана отырып жасалған алаяқтық әрекеттер (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-тармағы 3-бөлігі).
Сонымен қатар сотталушылардың аппеляциялық шағым түсіргені, алдағы уақытта шағымдарында келтірілген дәлелдерді Жоғары сот қарастырып, оған тиісті баға берілетіні хабарланды.