2025 жылы Алматы облысына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, өңірде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірде бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және әлеуметтік салаға басымдық берілді. Атап айтқанда, өткен жылы Алматы облысында 38 медициналық мекеме мен 26 мектеп салынды. Оның 17-сі «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында бой көтерген.
Сонымен қатар Шонжы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жалағаш пен Тарғап ауылдарында заманауи спорт нысандары пайдалануға берілді. Ал Жамбыл, Қарқара және Бөлексаз ауылдарында жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын мәдениет үйлері ашылды.
2025 жылы облыста 1700 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Жалпы аумағы 56 мың шаршы метр болатын 12 көпқабатты тұрғын үй салынды. Жаңа жыл қарсаңында Қонаев қаласында 20-ға жуық отбасы баспаналы болды.
Соңғы үш жылда Алматы облысына 3,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өңір инвестиция көлемі бойынша еліміздегі үздік ондыққа енді. Басым бағыттардың қатарында өңдеу өнеркәсібі мен көлік-логистика саласы бар. 2025 жылы облыста 150 мың шаршы метр қойма кешендері пайдалануға берілді.
Алатау қаласы аумағында да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаевтың айтуынша, өңірде жеңіл және ауыр өнеркәсіпке, пилотсыз ұшу аппараттары мен қайта өңдеу саласына қатысты 18 жоба салынып жатыр.
Жалпы 2025 жылы өңірде 25 ірі жоба іске асырылып, 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ал Алатау арнайы экономикалық аймағында 32 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның сегізінің құрылысы басталған. Жобалар толық іске қосылса, 500 млрд теңге инвестиция тартылып, 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.