Алматы облысы: құжатсыз мал тасымалдаудың 424 дерегі анықталды

16 Сәуір 2020, 04:58
1647
Бөлісу:
Алматы облысы: құжатсыз мал тасымалдаудың 424 дерегі анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында құжатсыз мал тасымалдаған 400-ден аса азамат жауапқа тартылды. Бұл жыл басынан бері патрульдік полиция қызметкерлері анықтаған 424 дерек, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.

Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, олардың 261-і тексеру барысында өзінің меншік құқығын құжатпен растай алмаған. Сондықтан оларға ҚР ӘҚБтК-ның 406-бабына сәйкес (ҚР-ның ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) әкімшілік хаттама рәсімделген.

Алдын алу шаралары мал ұрлығы деректерін 4,5%-ға қысқартуға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. Қылмыстың басым бөлігі тәулік ішінде "ізі суымай" ашылуда. Сонымен қатар, жазаның бұлтартпастығы қағидатына сәйкес, бұрын жасалған 70-ке жуық ұрлық ашылды. Мал ұрлығы үшін 112 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 28 қылмыстық топ ұсталып, 506 мал басы иелеріне қайтарылды. Оның 28-і жылқы, 75-і ірі қара мал, 403-і ұсақ мал, - деген дерек келтірді облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Дәурен Сәкенов.

Осы жылдың ақпан айында ірі қара мал ұрлығын кәсіп қылған 6 адамнан құралған ірі қылмыстық топ әшкереленді. Мал ұрлаушылар жалпы саны 33 мал басын ұрлаған. Олардың осыған ұқсас 15 қылмысқа қатысты екендігі де дәлелденген.

Малды алып жүру үшін ҚР ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы №7-1/453 "Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" бұйрығындағы №7 қосымшаға сәйкес мал иелерінде өзімен бірге ветеринариялық анықтама (№1 нысан), мал паспорты, малдың сәйкестендіру нөмірі (сырға, чип және т.б.) болуы қажет, - деп қосымша толықтырған өз сөзінде басқарма басшысы.


Өзгелердің жаңалығы