Аудан әкіміне кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны және мемлекеттік мүдделерге нұқсан келтірді деп айып тағылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы мәлімдеді.
Алматы облысының прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Іле ауданында орналасқан қоқыс полигонының қызметін бірлесіп тексеруді аяқтады. 2024 жылғы 3 қыркүйектегі жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде әкім Б.А. Қарасаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-131-баптарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа күдік бойынша ұсталды. Оған кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны және мемлекеттік мүдделерге нұқсан келтірді деп айып тағылды,- деді Алматы облысының прокуратурасы.
Прокуратура аудан әкіміне қандай жаза қолданылуы мүмкін екеніндігін атап өтті.
Аталған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. 2024 жылдың 4 қыркүйегінде прокуратура бұлтартпау шарасын санкциялау үшін қылмыстық іс материалдарын сотқа жолдады, - деді Алматы облысының прокуратурасы.
Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевты қамауға алғандығын жазған едік.