Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы әкімдігінің ғимараты екінші тоқсанда жөнделіп бітеді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алматы облысы әкімдігінің ғимаратын жөндеу биылғы жылдың екінші тоқсанында аяқталады. «КазНИИСА» АҚ ғимараттың техникалық зерттеу қорытындысын шығарды. Құжатта оның негізгі құрылымдарын күшейту қарастырылған. Нысанды сүріп тастауға немесе жаңадан салуға қажеттілік жоқ, - делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарламасында.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне қарағанда жобалық-сметалық құжат жасалуда. Ірілендірілген сметалық норма бойынша алдын ала есептеуге сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарының құны – 4,3 млрд теңге. «КазНИИСА» АҚ-ның қорытындысына сәйкес жөндеу, қалпына келтіру, негізгі құрылымдарды күшейту де осы сомаға кіреді. Барлық жобалық шешімдер ғимараттың қолданысқа берілгеннен кейін өзгертілген нормативтік құжаттардың, яғни санитарлық нормалар, өрт қауіпсіздігі және сейсмокүшейту жөніндегі нормативтік талаптардың негізінде қабылданады. Сөйтіп жаңа талаппен күрделі жөндеуден өтетін ғимараттың техникалық әлеуеті күшейтіледі.
Жобалық-сметалық құжаттар дайын болған соң мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Қазіргі кезде ғимараттың бүлінген жерлерін тазарту аяқталып, жөндеуге дайындық жүргізілуде. Қалпына келтіру жұмыстары биылғы жылдың ІІ тоқсанында аяқталады, – делінген облыстық құрылыс басқармасының хабарламасында.