Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматы мен Семейде 247 мың литр заңсыз мұнай өнімі тәркіленді

3 Мамыр 2025, 03:37
760
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Алматы қаласы мен Абай облысында жанар-жағармай материалдарының (ЖЖМ) көлеңкелі айналымына қатысты ірі заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылғы 30 сәуірде Алматы қаласындағы мұнай базаларының бірінде жүргізілген жоспарлы бақылау іс-шарасы барысында 177 100 литр мұнай өнімі заңсыз сақталғаны белгілі болды. Жанармай түрлі сыйымдылықтағы ыдыстарда – резервуарлар, бензовоздар және пластикалық контейнерлерде – заңды құжаттарсыз сақталған.

Тәркіленген отынның алдын ала құны 35 миллион теңгеден асады. Бұл дерек бойынша материалдар Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаментіне жолданды. Мамандардың пайымдауынша, өнімдер салықтық және акциздік реттеуді айналып өту мақсатында сақталған болуы мүмкін.

Ал 2025 жылғы 25 сәуірде Семей қаласында жоспардан тыс салықтық тексеру барысында тіркелмеген автожанармай құю станциясында мұнай өнімдерін заңсыз сату фактісі тіркелді. Кәсіпкер салық есебіне қоймай және акциздік тауарлармен жұмыс істеуге арналған лицензиясыз отын саудалаған.
Нәтижесінде 70 тоннадан астам мұнай өнімі тәркіленіп, оның алдын ала құны шамамен 19 миллион теңгені құрады. Іс материалдары тергеу жүргізу үшін Абай облысының құзырлы органдарына жіберілді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, екі өңірде тәркіленген мұнай өнімдерінің жалпы көлемі 247 мың литрден асып, нарықтық құны 54 миллион теңгеден жоғары болған.

Өзгелердің жаңалығы