Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматы маңындағы ауылда болған қасіретті өрт: үш үй жанып, әйел мен сәби қаза тапты

1 Қазан 2025, 12:26
1968
Бөлісу:
 Алматы облысының ТЖД баспасөз қызметі
VIDEO
Фото: Алматы облысының ТЖД баспасөз қызметі

Алматы облысындағы Кенен Әзірбаев ауылында таңғы өрт үш үйді жалмап, екі адамның өмірін қиды. Қаза тапқандардың арасында әйел мен сәби бар. Аман қалған екі бала жетім қалды. Өртті сөндіруге жел мен су тапшылығы кедергі болды. Билік зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өртті сөндіруді қиындатқан факторлар – қатты жел мен су тапшылығы. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдағы су құдықтарының көбі істен шыққан, ал өрт сөндірушілерге қосымша су таситын көліктерді Алматыдан шақыруға тура келген.

Оқиға хронологиясы

Шамамен таңғы сағат 5:30-6:00-де төтенше жағдай қызметіне алғашқы қоңырау түскен. Куәгерлердің сөзінше, өрт сөндірушілер кешігіп жеткен, ал қатты жел жалынды жылдам таратып, қатар тұрған үш үйді түгел шарпыған. Өрттің салдарынан бір адам ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілді.

Алматы облыстық ТЖД мәліметінше, жалпы 448 шаршы метр аумақ жанып кеткен. Тілсіз жаумен күреске облыстық және қалалық ТЖД-дан 18 адам және 6 техника жұмылдырылған. Өрт кезінде төрт газ баллоны дер кезінде сыртқа шығарылған.

Алматы маңындағы ауылда болған қасіретті өрт: үш үй жанып, әйел мен сәби қаза тапты
Фото: Алматы облысының ТЖД баспасөз қызметі

Қайғылы оқиғаның куәгерлері не дейді?

Ауыл тұрғыны Надежда таңғы айқайдан оянып, далаға шыққанда өрт сөндірушілер мен жедел жәрдемді көргенін айтады. Оның ағасының үйі өрттің дәл ортасында қалып, толық жанып кеткен. Алғашқы от көршілердің жарты үйінен шыққан, сонда қаза болғандар бар. Надежданың айтуынша, ағасы мен жеңгесі терезеден шығып үлгеріп, көрші үйдің екі баласын да құтқарып қалған.

Өрттен зардап шеккен Оксана да күйеуін ертіп терезеден секіріп шыққанын айтты. 

Бәрі санаулы минутта болды. Ештеңе алуға үлгермедік, үйімізбен қоса бар мүлкіміз бен үй жануарларымыз жанып кетті, – дейді ол. 

Оксана аяғын жарақаттап, алғашқы көмек те толық көрсетілмегенін айтты.

Оның сөзінше, жалын бірінен соң бірі тұрған үш үйді түгел шарпыған, бес отбасы баспанасыз қалған. Әрі көршілерінің үйінде бұрыннан жанжалдар жиі болып, арақ ішіп төбелесетінін, сол жағдай қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін екенін жеткізді.

Әлеуметтік көмек пен билік реакциясы

Қайтыс болған ананың артында қалған екі балаға психологиялық көмек көрсетілуде. Олар уақытша әжесінің қамқорлығына берілді. Ауыл әкімдігі зардап шеккен бес отбасыға уақытша баспана берілетінін хабарлады. Әлеуметтік қорғау мамандары шығынды есептеп, көмек көрсетеді.

Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталуда. Сондай-ақ, ауылдағы өрт қауіпсіздігі мен сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша тексеру жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы