Алматы әкімдігі қала маңында 10 жаңа бағытты іске қосады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көлік қолжетімділігін жақсарту және қала маңындағы аймақтың тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін Алматы қаласының әкімдігі биыл қала маңындағы 10 жаңа маршрутты іске қосуды жоспарлап отыр. Олар қала шегінен 50 км радиуста орналасқан Алматы облысының Талғар, Іле, Қарасай және Жамбыл аудандарындағы бірқатар елді мекенді қамтиды.
Маршруттар Жетісу базары – Дәулет кенті, «Алматы 1» теміржол вокзалы - Туғанбай кенті, Нұра, «Алматы 2» теміржол вокзалы – Тұздыбастау кентіндегі «Сұлтан» кешені, «Райымбек батыр» метро бекеті – Еламан кенті, «Саяхат» автовокзалы – Қарой кенті, «Сәлем» базары солтүстік айналма – Исаев кенті, «Адем» сауда үйі – Батыр кенті бағыттары бойынша жүреді. Сонымен бірге, Төле би-Яссауи көшелерінің қиылысындағы бұрылыстан Қарғалы, Шамалған және Мыңбаев елді мекендері бағытында бірнеше маршрут ұйымдастырылады. Сонымен қатар биыл №9 жаңа қалалық маршрут ашылып, №97 және №89 екі жаңа маршруттың ашылуы жоспарланған, - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Жаңа маршруттар әлеуметтік маңызы бар қатынастарға және халық үшін қоғамдық көлікте жол жүрудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында субсидиялауға жатады.
Айта кетейік, «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаға» сәйкес, 2024 жылдың соңына дейін Алматы қаласының әкімдігі қала маңындағы 30 жаңа маршрутты ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Қазір қалалық мобильділік басқармасы маршруттарды бекіту және оларды әлеуметтік маңызы бар маршруттар тізіліміне енгізу туралы қаулы жобасын әзірледі. Құжатпен www.legalacts.kz ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында танысуға болады. Тасымалдаушыны және осы бағыттарды іске қосу мерзімін айқындауға арналған байқау қала мәслихаты құжатты бекіткеннен кейін өткізіледі.