Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Ерлан Әлібеков онлайн брифинг барысында қала тұрғындарын суға шомылуда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
Оның айтуынша, суға шомылу маусымы басталысымен қаладағы Сайран көліне екі адам батып кеткен. Қайғылы жағдай адамдардың ішімдік ішіп, тыйым салынған жерге суға шомылуы себепті болған.
Бірінші жағдай 3 мамыр күні болды. Ішімдік ішкен адам тыйым салынған белгіге қарамастан, суға шомылған. Екінші адам да ішімдік ішіп, суға шомылған. Қазір құтқарушылар жағалаудағы адамдарға суға шомылу бойынша қауіпсіздік шараларын түсіндіріп жатыр, - деді ол.
Ол сондай-ақ қаладағы қауіпті суға түсу орындарын атап, тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақырды.
Таулы жердегі суға шомылмаған жөн, ол жер тайғақ келеді. Адамдар құлап, мертігеді немесе суға батып кетіп жатады. Сондай-ақ Түрксіб ауданында «Аэропорт» аталып кеткен өзен бар. Ол жер қазір адамдардың суға шомылуына дайын емес, сондықтан тыйым салынған. Осы аудандағы «Қайрат» өзені де адамдардың шомылуына қауіпті. Қазір қала бойынша сайран көлінің рұқсат етілген бөлігіне ғана суға шомылуға болады. Қазір Құтқару қызметі бұл аумақтарда рейд жүргізіп, күнде тексеріп отырады, - дейді Ерлан Әлібеков.