Алматыда қаңғыбас жануарлар мәселесі қайтадан пайда болуда. Бұл жағдай әсіресе қаланың ең көрнекті орындарының бірі – 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ерекше байқалады. Жуырда аллеяларда қаңғыбас иттердің топтары пайда болды. Тұрғындардың сөзінше, иттердің саябақта еркін жүріп, ағаштардың көлеңкесінде тынығып, кейде агрессивті мінез танытатынын көруге болады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қала тұрғыны Әділет Есенғали күн сайын таңертең серуендеуге осы саябаққа келеді. Ол иттердің шамамен бір апта бұрын пайда болғанын айтады.
Қайдан шыққаны белгісіз. Бұрын мұнда көктемнің аяғында осындай иттер қаптаған еді. Бір-екі ит қана емес, топтасқан иттер. Кейде адамдардың алдына жүгіріп, үріп шығады. Шошып кетемін, сондықтан оларды айналып өтемін, – дейді ол.
Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, қаңғыбас жануарларды аулау азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу және қараусыз қалған жануарлар санын азайту мақсатында жүргізіледі. Жұмыстар қала тұрғындары мен ұйымдардың өтініші бойынша тегін атқарылады. Өтінімдер диспетчерлік қызметке немесе қаланың Бірыңғай “109” қызметіне қабылданады. Аулау әртүрлі әдістермен – қармақпен, торлармен, қақпандармен жүзеге асырылады. Тек жануар агрессивті болып, адамға қауіп төндірген жағдайда ғана мәжбүрлі шаралар қолданылады.
Қалада күн сайын тоғыз кезекші бригада (27 қызметкер) жұмыс істейді. Мереке және демалыс күндері бір бригада кезекшілік етеді. Ауланған жануарлар уақытша ұстау орындарына жеткізіліп, тіркеледі, вакцинация жасалады және қажет болған жағдайда ұрықсыздандырылады.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында “Алматы ветеринариялық қызметі” кәсіпорны 7 241 ит пен 180 мысықты аулап, тіркеген.
“Аулау – ұрықсыздандыру – вакцинациялау – босату” бағдарламасы аясында 1 327 жануарға шара қолданылды, ал бұрын босатылған 1 922 итке құтыруға қарсы қайта вакцина салынды. Егер жануардан жазылмайтын дерт немесе шамадан тыс агрессивтілік анықталса, ол гумандық жолмен ұйықтатылады.
Әрбір жануар бірыңғай “1С” есебіне және “Таңба” ақпараттық базасына енгізіледі. Бұл бағдарламаның нәтижелерін бақылауға, ұстау жағдайын және асырап алу барысын қадағалауға мүмкіндік береді.
Алайда мамандардың айтуынша, Алматыдағы қаңғыбас жануарлардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Бұған Алматы облысынан келетін иттер және кейбір тұрғындардың жауапсыздығы әсер етеді. Олар үй жануарларын көшеге тастап кетеді. Әсіресе, жеке үйлер сүріліп жатқан аудандарда мұндай жағдай жиілеп отыр.
Әкімдікте атап өткендей, мәселені тек аулау қызметтерінің күшімен шешу мүмкін емес. Халық арасында жануарларға жауапты көзқарас мәдениетін қалыптастыру қажет.
Ең бастысы – санын бақылау ғана емес, жаңа қаңғыбас жануарлардың пайда болуына жол бермеу, – дейді қалалық құрылымдар.
Қаңғыбас иттер мәселесі Алматы тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі. Оны шешу жүйелі тәсілді қажет етеді, мұнда тек қызметтердің жұмысы ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың да саналы әрекеті маңызды.