Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматы іргесіндегі ауыл ауыз сусыз отыр

Нұрқанат Атажан
2 Шілде 2025, 13:03
1512
Бөлісу:
 BAQ.KZ  коллаж BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ коллаж BAQ.KZ

Алматы қаласының іргесінде орналасқан, 20 мыңға жуық тұрғыны бар Кемертоған ауылында ауыз су мәселесі ушығып тұр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, орталық су жүйесінің тозығы жеткен. Көптеген үйлерде краннан су сыздықтап қана ағады, ал белгілі бір көшелерге мүлде жетпейді, кейбірінде үйлерде су тек түнгі уақытта беріледі.

Ауылымыздың шамамен 20%- ғана сумен қамтылған. Қалғандарында су жоқ, жер астынан су ұңғымасын қазып, су ішіп отыр. Ал ол 14-15 метр тереңдіктен қазылған судың сапасы нашар. Бұрын 10 сотық жерде 1 үй тұратын, ал қазір ондай аумақта 3 үй тұр. Бұл мәселені одан сайын күрделендіреді, – деді тұрғын Егілбек Егеубеков.

Тұрғындардың айтуынша, олар ауылдағы  ауыз су мәселесін екінші жыл қатарынан көтеріп жатыр. Халық суды ыдысқа жинап, кір жуу, жуыну сияқты қажеттіліктерін күні бұрын жоспарлауға мәжбүр. Көпшілігі суды сатып алуға немесе тасып ішуге көшкен.

Осы мәселені айтып, Астанаға да барып қайттық. Ауылдың көп бөлігінде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Былтырдан бастап ауыл тұрғындары жерасты суларының деңгейі төмендеп кетті. Ал оның өзі техникалық су, ішуге жарамсыз, экспертиза жасатып анықтадық. Сапасыз судың кесірінен барлық техникаларымыз сынды, жылу батареялары тоттанды. Бұл ауыл тұрғындарының денсаулығы үшін аса маңызды мәселе, – деді ауыл тұрығыны Раушан Жұматаева.

Аудан билігі тарапынан ауылдағы ауыз су мәселесін шешуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Құны – 4.8 миллиард теңге.

Жобада 1400 метр кубтық 2 су резервуары, 2 үлкен су ұңғымасы және 184 километр су құбыры желілерін жүргізу көзделген. Қазір оны облысқа ұсындық. Қаржы бөлінуін күтіп отырмыз, – деді Қарасай ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Нұрбол Жүнісбек.

Ал Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауовтың айтуынша, Кемертоғандағы ауыз су мәслелесін толығымен екі жылда шешсе болады.

Бұны дер кезінде ретке келтірмесе үлкен мәселеге айналайын деп тұр. 4.8 миллиард теңгенің алғашқы 600 миллион теңгесі облыс бюджетінен бөлінеді. Қалған сомманы Үкімет бөлуі тиіс, өз тарапымыздан ұсыныс жолдаймыз, – деді Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов.

Алматы іргесіндегі бұл ауылда ауыз судан бөлек, жол сапасының нашарлығы, электр қуатымен дұрыс қамтылмауы секілді өзге де мәселелер бар.

Өзгелердің жаңалығы